2026 жылғы 6–8 қараша күндері «Bolashaq» Академиясының студенттері Теміртау қаласында өткен Қарағанды облысының студенттік клубтары слётіне қатысты.

Үш күнге созылған слёт өңірдің алты жоғары оқу орнының студенттерін біріктіріп, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларға серпін беруге бағытталды.
Слёттің алғашқы күнінде қатысушылар тренер Валентина Павлик өткізген «Шекарасыз жастар: қарым-қатынас пен өзара іс-қимыл өнері» атты тренингке қатысып, тиімді коммуникация мен өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдірді. Күннің жалғасы мәдени-ойын-сауық бағдарламасымен өріліп, студенттер арасында жаңа таныстықтар мен достық байланыстар қалыптасты.


7 қараша күні білім беру бағдарламасы ақпараттық технологиялар бойынша тренингпен жалғасты. Тренер Болат Берсебаев қатысушыларға цифрлық дағдыларды дамытуға арналған оқыту өткізіп, одан кейін студенттік бастамалар бойынша мастер-класс ұйымдастырды. Бұл бөлім жастардың идеяларын жүйелеуге, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыруға және командалық жұмыс дағдыларын нығайтуға мүмкіндік берді.


Слёттің маңызды кезеңдерінің бірі – Асылан Смағұлов пен Дамир Қаюмовтың жетекшілігімен өткен «Өсу нүктесі» жобалық сессиясы болды. Сессия барысында қатысушылар жобалық ойлау қабілеттерін дамытып, өз бастамаларын талқылап, жаңа шешімдер ұсынды.
Бағдарлама аясында экскурсиялар, командалық іс-шаралар, тәжірибе алмасу кездесулері мен мәдени-сауықтыру кештері де ұйымдастырылды.


Бұл слёт – студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, ортақ мақсат пен идея төңірегінде біріктірген маңызды тәжірибе.
«Bolashaq» Академиясының студенттері осындай алаңдарда жинақтаған тәжірибесін алдағы уақытта жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға бағыттайды.