2022 жылдың 20-21 сәуірінде Қарағанды облысы Балқаш қаласының Оқушылар сарайында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мамандықтар жәрмеңкесі -2022» кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өтті. Іс – шараға «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Касетова Н.К. қатысты.
Одан бөлек , Қарағанды Е.А.Бөкетов атындағы университеті, Қарағанды техникалық университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Қарағанды индустриялық университеті, «Bolashaq» Қарағанды жоғары колледжі», Қарағанды экономика, бизнес және құқық колледжі қатысып, Балқаш қаласының болашақ түлектеріне ЖОО жайлы ақпарат беріп, таныстырып өтті.
Іс-шараға барлығы 16 мектептің 900-ден астам оқушылары мен түлектердің ата-аналары да қатысты. Кездесу барысында «Bolashaq» академиясы Қарағанды өңірінің ғылым, білім, мәдени, экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, академияның түлектері арасынан танымал саясаткерлер, ғылыми қызметкерлер, басшылық орындарда жүрген мемлекеттік қызметкерлер көптеп саналатындығы туралы айтып, академиямыздың ғылым мен инновациялық білім беру технологиялары, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстары, білім беру бағдарламалары туралы ауқымды ақпарат берілді, буклеттер мен академия өмірі туралы мәліметтермен таныстыратын «ЛиМоНаД» журналы таратылды. Академия туралы таныстырылым бейне түсірілімдері көрсетілді. Жәрмеңкеге қатыса алмаған түлектер үшін мектептерде ЖОО жарнамалық бейне роликтері үзбей көрсетіліп, ақпараттық парақшалар мектеп сайттарында, әлеуметтік желілерде және ата-аналар мен оқушылар қоғамдастығының чаттарында орналастырылды.
Ата-аналар өз балаларының өмірлік және кәсіби жоспарларын анықтауға белсенді қатысты. Сонымен қатар, мамандық таңдау және білім беру жолдарын анықтау мәселелері білім алушылардың өздері, олардың ата-аналары үшін де қиын міндет болғандықтан, біразы білім беру бағдарламалары туралы, қандай кәсіби біліктілік алатындары жайлы ақпараттар алды. Түлектер үшін берілген ақпараттар өте маңызды болды, олар өздерінің барлық сұрақтарына толық жауап алды.