“Bolashaq” академиясының “Руханият” ҒЗО Қарағанды қаласының посткроссерлерімен (әлемнің түкпір-түкпірінен ашықхаттар алу мүмкіндігі үшін құрылған Postcrossing жобасының қатысушылары) және Қарағанды әскери-тарихи “Соғыс тарихы” клубымен бірлесіп Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына арналған естелік ашықхат дайындады.
Қарағанды қаласының “Соғыс тарихы” Әскери-тарихи қайта құру клубы 5 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Клуб қатысушылары-туған өлке тарихына қызығушылық танытушы қала белсенділері.
Пошта ашықхатында 2018 жылы “Соғыс тарихы” Қарағанды әскери-тарихи клубы жүргізген “Поныри түбіндегі шайқас. Амантай Дәулетбековтың ерлігі” атты ауқымды қайта құру жұмыстары көрініс тапқан.
Біздің жерлесіміз – Амантай Дәулетбеков, 1917 жылы 10 қарашада Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста қызмет етті. 1942 жылдың жазында Дәулетбеков Брянск майданына 13-ші армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-ші полктің артиллериялық есеп командирі болып жіберілді. Дон, Еділ, Курск доғасындағы шайқастарға қатысты.
Амантай Дәулетбековтің ерлігі мен батылдығы туралы РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында сақталған құжаттар куәландырады. Қызыл Жұлдыз орденінің награда қағазынан: “19.11.1942 жылғы ұрыста Клетская ауданында батарея жаудың алдыңғы шебіне оқ жаудырды. Қызыл әскер Дәулетбеков нысанашының көмекшісі ретінде өте тез әрі батыл жұмыс істеді. 22.11.1942 жылы Сухановский фермасында болған шайқаста жау зеңбіректің снарядсыз қалғанын байқап, оның және зеңбіректердің көзін құртуға тырысты. Дәулетбеков жаудың бораған оғы астында снарядтарды зеңбірекке жедел көтеріп, шабуылды тоқтатты. 24.11.1942 жылғы ұрыста неміс танкілерімен күшті ұрыс ауданындағы бес қорған маңында зеңбіректерді жою үшін неміс автоматшылары қатты оқ жаудырды. Даулетбеков пулеметпен жасырын түрде жүріп өтіп, жаудың 15 автоматшысы мен пулемет нүктесін жойды. А. Дәулетбеков Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға ұсынысқа лайық. 1180-ші танкке қарсы артиллериялық полк командирі, майор Маз”.
Кеңес Одағының Батыры атағына марапаттау қағазынан: “1-ші батарея командирі аға сержант Дәулетбеков Амантай 9.7.1943 жылы Поныри станциясы ауданында 253,5 биіктікте шайқас кезінде, қарсылас шабуыл жасап, 101-ші атқыштар полкінің бірінші батареясының қорғаныс шегінен өтті. Дәулетбеков батареясы фашистік танктермен және жаяу әскерлермен қоршалды, ол фашистік шеңберден шығуға шешім қабылдап, жақындап келе жатқан жаяу әскермен қоса 18 танк, оның ішінде 13 “Т-6” және 14 өздігінен жүретін зеңбірегі бар жау әскеріне бірінші болып оқ жаудырды.
Қару-жарақпен 2 адамды қалдырып, Дәулетбеков жаяу әскерді жоюға кетті, ұрыс 2 сағатқа созылды, жау 13 рет шеңберді қысып, Дәулетбековті жоюға тырысты. Бірақ жолдас Дәулетбеков бұл талпыныстарға тойтарыс берді. Осы уақыт ішінде 10 танк, бір ротадай жау әскері жойылды. Ашуға булыққан жау, зеңбіректер пен батырларды құртуға шешім қабылдады. Жау қаруды және қалған 4 адамды жоюға 14-ші әрекетті жасайды. Снарядтар таусылады. Танктер мен автоматшылар зеңбіректерге 150 метрдей қашықтыққа жақындайды. Бұл уақытта зеңбірек тікелей соққыдан мүлдем істен шығады. Дәулетбековтің команда беруімен 4 батыр жаяу әскерге қарсы шығады. Патрондары таусылған кезде Даулетбеков жауынгерлерімен жекпе-жек айқасқа түседі, 4 фрицті аяғымен және автоматтың дүмімен ұрып құлатады, бірақ өзі де оққа ұшады .
Соғыс қимылдары кезінде Дәулетбековтің зеңбірегі 29 танкті, 13 өздігінен жүретін зеңбіректі, 150 жаяу әскерді, 40 автоматшыны жойды. Міне, оның өлімінен кейінгі жауынгерлік есебі осындай болды. Жоғарғы Үкіметтік награда – Кеңес Одағының Батыры атағы беріле отырып, Ленин орденіне лайық деп марапатталды. 1180-ші Қызыл тулы жойғыш-танкке қарсы артиллериялық полк командирі, подполковник Маз. 1943 жылғы 1 тамыз”.
Қазақстан құрамаларының әскери жолы 1941 жылы Мәскеу түбінде басталып, 1945 жылдың көктемінде Берлинде аяқталды. Олар Ленинградты қорғады, Сталинградта, Курск доғасында соғысып, Украинаны, Беларуссияны, Молдованы, Балтық елдерін азат етті, фашистік қамыттан Еуропа халықтарын да босатты. Қазақстандықтар барлық майданда ерлікпен шайқасты.
1939 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқы 6,2 миллион адамды құрады. Соғыс жылдарында шайқасқан Армия қатарына 1 196 164 қазақстандық қосылды. Майданға және қорғаныс өнеркәсібіне республиканың әрбір төртінші тұрғыны жіберілді.
Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің бір бөлігі ретінде қатысты. Соғыс жылдары республика майданға 12 атқыштар дивизиясын, 4 ұлттық кавалерия дивизиясын, 7 атқыштар бригадасын, оның ішінде 2 ұлттық атқыштар бригадасын жіберді. Сонымен қатар, Қазақстанда әр түрлі әскерлердің 50-ге жуық полкі мен батальоны құрылды.
Құрметпен, шын ниетімізбен барлығыңызды Жеңіс күнімен құттықтаймыз!
Майданда көзсіз ерлік көрсетіп, Отан, Туған жер үшін жауды жермен-жексен қылған боздақтар мен жауынгерлерге және ардагерлерге қарыздармыз. Олардың өмір жолдары мен өшпес ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.