«Сүйем сені туған ел – Атамекен»

2021 жылдың 12 қазан айында «Bolashaq» академиясы білім ордасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Сүйем сені туған ел – Атамекен» атты  Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Іс шараны академиямыздың ректоры Қ.Н.Меңлібаев ашып, студенттерді Тәуелсіздік –халықтың үні, ұлттық тілі мен ділі, мәңгілік елдің бастауы, еліміздің ең үлкен құндылығы екенін айта келіп, дауылпаз ақын Қасым мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа таныту мақсатындағы шаралардың маңыздылығына тоқталды. Іс шараға академия оқытушылары мен студенттері қатысты. Барлық білім беру бағдарламасынан белсенді студенттер қатысты.

 Қылышынан қан тамған тоталитарлық заманның өзінде-ақ тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздікті жырлаған күрескер ақын халықтың мәңгі жадында. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші кеште сыршыл ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Осы кеште Қасымның қасіретті балалық шағы туралы, орындай алмай кеткен армандары туралы сөз қозғалып, өмірі мен шығармашылығы жайында бірнеше тың деректер тыңдалды, Қарағанды қаласының зерттеу орталықтарының жұмыстары туралы айтылды.

  Іс шараның  қадірлі қонағы: «Bolashaq» академиясында көп жылдар еңбек еткен, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті білім беру бағдарламасы мамандығының  ашылуына өз үлесін қосқан, қазіргі таңда Париж қаласында тұратын қасымтанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қалиева Құралай Мағиқызымен тікелей эфирде жүздесудің реті болды. Қ.М.Қалиева студенттерге Қасым шығармашылығы жайлы біраз тың мәліметтер берді. Сондай – ақ студенттердің сұрақтарына жауап беріп жастарға игі тілектерін жаудырды.

Академия студенттері қандай да бір іс шараны жоғары деңгейде өткізе біледі. Осы орайда өз өнерлерін көрсеткен: К-18-1 тобынан Кабай Күннур, Қазбекқызы Нұргүл, К-19-1 тобынан Жолтай Айболған , К-20-1 тобынан Оразхан Айкенже, Төкен Мөлдір, Рамазанова Аружан, Жұрағат Аймарал, Әбдірейім Қанағат, К-21-1 тобынан Қайыртай Әсем, Сыздық Диляра, Сыздық Мадина, Үсенбаева Жанаргүл, Ю-21-2 тобынан  Марат Нұрболат сынды студенттерімізді атай  кеткен жөн.  

Қорыта келе айтарымыз,  біртұтас қоғам ретінде ақын шығармаларын тек биыл мерейтой аясында ғана құрметтеп қана қоймай, шығармаларын өзімізді-өзіміз тану жолында айнымас темірқазыққа айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.