Шындыққа жүгінсек, туғаннан естіп, құлақ құрышын қандырып өскен туған тіліміздің тағдыры ұлт тағдырын ойлайтын көкірегінде көзі бар әрбір жанды алаңдататыны анық. Өйткені қазірде тілдік қолданыста бәсі кем түсіп жатқан қазақ тілі арнасы кеуіп, құлазып, сарқындыға айналған өзенді, топсасынан айрылып, қожырай құлайтын есікті еске салғандай күйде.
Әлемдегі ең бай тілдердің бір болып саналатын тума тіліміз сол баяғы бояуы қалың қалпын сақтаса деген үлкен арманымыз сол қияли күйде қала ма деп қорқып жүргеніміз рас-ты. Мемлекеттік мәртебеге иелік етсе де, кеңінен қолданыс таппай келетіні қынжылтатын. Алайда егемен еліміздің тіл саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдылық мемлекеттің тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды бөлігі екенін ұғатын мезгіл жеткен секілді. Олай деуіміздің басты себебі әрбір елдің қуаты мен күші, байлығы мен бақыты экономикалық даму деңгейімен өлшеніп, мәдени, рухани өрісімен айқындалатын болса, мәдени өре, рухани талғам халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге ғана тәуелді болмақ. Ендеше әрбір зиялы қауымды алаңдатпай қоймайтын бұл тілдік саясатта алдымен «Тіл туралы» Заң негізге алынуы керек деп білеміз.
Қолымыздан ешкім қаққан жоқ, осы бір арқауы берік заңды ұқсата алмай келе жатқан тағы да өзіміз ғана. Тағдыры қолымызда тұрса да, оған ортадан ойып алып, ерекшелеп мән бермей келеміз. Ал бұл бізде азаматтық ұстанымның жетіспейтіндігін көрсетеді. Десек те осы бір азаматтықтың жарқын үлгісін кешегі өткен Ғылыми кеңесте ректорымыз Құралбай Несіпбекұлы Меңлібаев көрсетті. Екі сағат бойы жылдық есебін бастан-аяқ қазақша жасауы көңілімізге үміт отын жаққандай әсер берді. Құнарлы топыраққа үміттің дәні себілгендей болды. Кеңес соңынан академияның профессорлық-оқытушы құрамының ректорға жаппай ризашылығын білдіріп жатқаны соның бір жарқын дәлелі десек, артық айтпаспыз.
Серімов Елеужан Елемесұлы,
жоғары білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы