Егер өмір алтын болса, зергері – мұғалім,
Егер өмір теңіз болса, гауһары – мұғалім.
Егер өмір жүзік болса, көзі – мұғалім,
Егер өмір ақын болса, сөзі – мұғалім.
Шухрат
Өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіржандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Осы ұстаздық жолындағы алғашқы, бастапқы қадамымды практикадан өтуші ретінде емес, нағыз мұғалім ретінде сезініп жүрмін десем, қателеспегенім. Маған бұл сезімді сүйкімді де сүйікті шәкірттерім сезіндіруде.
Сабағымды қызықты өткізу үшін көптеген әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Мысалы: «Kahoot» интерактивті ойыны оқушыларды қатты қызықтырады. Себебі, бұл ойында оқушы назарын аударатын, өтілген тақырып есте қалатын стикермен сұрақтар қамтылған. Сабағымды бақылау мақсатында кірген ұстаздар да сабақты өткізу әдісіме қызығушылық танытып, үйретуіме ұсыныс білдіруде.
Мен де шәкіртпін. Маған білім берген, ізденімпаздылыққа үйреткен, ұстаздыққа дайындап жүрген «Bolashaq» академиясының оқытушылырына, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының оқытушыларына алғысым шексіз!
Қарағанды қаласы
«Bolashaq» академиясы
К-19-1 тобының студенті
Жолтай Айболған