“Елі сүйген, Елін сүйген Елбасы” атты республикалық дөңгелек үстелге қатысу

“Руханият” ҒЗО директоры А.У. Аупенова 2020 жылғы 27 қарашада Қарағанды техникалық университетінде Тұңғыш Президент күні қарсаңында online – форматта өткен “Елі сүйген, Елін сүйген-Елбасы” республикалық дөңгелек үстелінде Тұңғыш Президент күніне арналған баяндама жасады.

Қарағанды облысы әкімдігінің атынан іс-шараға қатысушыларға “Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы” ММ басшысы Е.Б. Құсайын құттықтау сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың әріптестері: Сүлейменов Төлеутай Ысқақұлы, ҚР Бірінші Сыртқы істер министрі, саяси ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры: Сарекенов Қабидолла Зұлқашұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Д Әбішев атындағы химия-металлургия институтының жетекші ғылыми қызметкерлері: Омашев Қуаныш Омашұлы, Құрметті металлург Қызыров Қайролла Бейсембайұлы, профессор; Аскеева Сауле Алдешқызы (оның жұбайы Елбасының курстасы болған), Қарағанды облысы әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының тарихи – мәдени орталығы, өңірдегі жоғары оқу орындарының саясаттанушылары, философтары, қоғамтанушылары қатысты.

Елбасының курстастары мен серіктестері студенттік жылдар, домна пешінде жұмыс істеу қиындықтары, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының ерлігі, табандылығы, ерік күші, бірегей қасиеттері туралы әңгімеледі. Республикалық online дөңгелек үстелге қатысушылар бүкіл әлемде танылған тәуелсіз, егемен мемлекеттің құрылуы мен дамуында әрдайым бірінші болған Елбасының тарихи еңбегін атап өтті.

2020 жыл – Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі болып сайлануының 25 жылдығы. Бұл іс – шараға ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесінің басшысы саяси ғылымдар докторы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтың басшылығымен “Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев” библиографиялық жобасын жүзеге асыру орайластырылған.

Кітапқа Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметінің негізгі күндерін, сондай-ақ Қазақстан мен әлем жұртшылығы кеңінен мойындаған оның бастамаларын бейнелейтін өмірбаяндық очерк енді. Жаңа басылымда Елбасының іргелі, бағдарламалық және стратегиялық еңбектері, оның жарияланымдары, шығармашылық туындылары мен Қазақстандағы және шетелдегі баяндамалары туралы кең ауқымды материалдар жинақталған. Сондай-ақ, жоба авторлары Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасына арналған әдеби басылымдар, көркем, деректі фильмдер және басқа да шығармалар туралы мәлімет береді.

Әлемдік сарапшылар арасында Елбасының жаңғырту реформаларын қамтитын “Назарбаев моделі” термині кең таралды. Елбасының библиографиясымен таныса отырып, біз егемен Қазақстанның қалыптасуының дәуірлік жолын қадағалаймыз.

“Руханият” ҒЗО “Bolashaq” академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студент жастарды мемлекеттік мереке-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтайды!

Тұңғыш Президент күні-бұл тарихи таңдау күні және Қазақстандағы халық бірлігі мен келісім күні.

Біздің Отанымыз-Қазақстан Республикасы дамып, нығайып, гүлдене берсін!

Біздің барлық бастамаларымыз нәтижелі, ал болашағымыз жарқын болсын!

Руханият “ҒЗО”

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.