«Бір шығарма – мың ой» атты оқырмандармен шығарма талдау іс-шарасы

20 сәуір күні “Bolashaq” Академиясының кітапханасында студенттердің көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және әдеби туындыны терең түсінуге бағытталған «Бір шығарма – мың ой» атты оқырмандармен шығарма талдау іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – бір ғана шығарманың мазмұны арқылы сан түрлі ой туғызып, қатысушылардың әдебиетке деген көзқарасын кеңейту, сондай-ақ олардың сыни ойлау қабілетін дамыту болды.

Іс-шараға қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары мен К-25-1 тобының студенттері белсенді қатысып, таңдалған әдеби шығармаға жан-жақты талдау жасады. Кездесу барысында қатысушылар туындының тақырыбына, композициялық құрылымына, кейіпкерлер әлеміне, автордың көркемдік шеберлігіне және шығарманың идеялық мазмұнына ерекше тоқталды. Әрбір студент өз пікірін білдіріп, шығарма желісі бойынша туындаған ойларымен бөлісіп, әдеби мәтіннің терең мағынасын ашуға талпыныс жасады.

Кездесу барысында шығарманың тәрбиелік мәні мен қоғамдағы өзектілігі де кеңінен сөз болды. Қатысушылар туындыдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне баға беріп, автор жеткізгісі келген негізгі ойды саралап, өзара пікір алмасты. Мұндай еркін форматтағы талқылау студенттердің шығармашылық ойлауын дамытып қана қоймай, әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түсті. Сонымен қатар, оқытушылар тарапынан берілген мазмұнды пікірлер мен бағыт-бағдар студенттердің көркем мәтінді кәсіби тұрғыдан талдау дағдыларын жетілдіруге ықпал етті.

«Бір шығарма – мың ой» жобасы аясында өткен бұл тағылымды шара қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, кітап оқудың тек білім көзі ғана емес, рухани дамудың маңызды бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай мазмұнды кездесулер студенттердің кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, академия қабырғасындағы оқу мәдениетінің дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.