Бейбітшілік үшін рақмет

Менің әкем Мұхаметжанов Мұқанбай

Ұлы Отан соғысы жылдары елім, жерім деп қасық қаны қалғанша соғысқан қанша азамат ажал құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Жап-жасыл бейбіт даладан сән кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.

Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан қазақстандықтардың ішінде менің әкем – Мұхаметжанов Мұқанбай да бар.

Ол 1911 жылы Семей облысы Аягөз ауданы Жаңанұр колхозында дүниеге келген. 1942 жылдың наурыз айында 308 атқыштар дивизиясының пулеметчигы ретінде Кемерово облысынан сұрапыл соғысқа аттанып кетеді.

1945 жылы соғыстан аман-есен оралғаннан кейін шешем Найзақанова Сақыпжамалмен отбасы құрып 11 баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады.

Әкемізді көзі көрген ауылдастары, жолдастары оның ерекше еңбекқорлығын, елгезектігін атап отыратын.

Әкемнің туған бауыры Мұхаметжанов Төлеген, әскери атағы – сержант. Сергиополь ауылында 1917 жылы туған. 451-АП, 64-АД құрамында бөлімше командирі болып соғысып, 1943 жылы 2 наурызда қаза тапқан.

Смоленск облысы, Жиздарен ауданы, Пузданов деревнясының жанындағы Жиздр өзенінің оң жақ жағасында жерленген.

Шешемнің туған ағасы, менің нағашым Найзақанов Әзел, әскери атағы – старшина. Скотовод колхозында 1923 жылы туған.

Соғысқа 1941 жылдың 22 маусым айында Аягөз аудандық комиссариатынан шақырылған. 6 атқыштар ротасының, 320 атқыштар полкінің, 11 атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болып соғысып, 1944 жылы 15 қыркүйекте қаза тапқан. Эстония жеріне жерленген.

Соғыс уақытында “Ерлігі үшін” медалімен және “Жауынгерлік еңбегі үшін” медалімен марапатталған.

Бөлімшені шебер және батыл басқарғаны және де ұрыста көрсеткен бастамасы үшін екінші дәрежелі “Отан соғысы” орденімен – қайтыс болғаннан кейін марапатталған. (29 сентябрь 1944 ж.).

Аталарымыздан қалған бейбіт ашық аспан біздерге – ұрпақтарына Үлкен аманат, соны сақтап, қадірлей білейік!

Мұқанбай атаның ұрпақтары бізге Жеңіс сыйлаған ата-апаларымызға тағзым етіп, құрмет білдіреді!

Батырдың ұлы Мұхаметжанов Амантай Мұқанбайұлы

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.