9 сәуір күні «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері дипломалды қорғау кезеңінен өтті. Бітіруші топ студенттері биылғы оқу жылының қыркүйек айынан, кейбірі тіпті өткен оқу жылынан бері зерттеген дипломдық тақырыптары негізінде дайын болған жұмыстарын таныстырды.
Дипломалды қорғау рәсіміне қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы (дипломдық жетекшілер) қатысып, әр студенттің бекітілген тақырып аясында дайындаған дипломдық жұмыстарының нормативтік талаптарға қаншалықты сай екенін, мазмұнын және зерттеуде мақсат етілген өзекті мәселенің ашылу сипатын, дереккөздер қорының сапасын, жалпы ресімделу тәртібін бағалады, қосымша сұрақтар қойды.
Студенттердің зерттеу жұмыстарына нысан еткен тақырыптарын барынша толық меңгергені, жан-жақты дайындалғаны жауаптарынан, келтірген фактілері мен өзіндік тұжырымдарынан анық байқалып тұрды. Пайдаланған ғылыми әдебиеттерінің де көбісі жаңа, лингвистика мен әдебиет саласындағы кейінгі зерттеулер мен пікірлерді мүмкіндігінше қамтыған, әрі ғылыми тұжырым жасауда тірек еткен. Бір сөзбен айтқанда, дипломдық жұмыстарының жазылу деңгейі оқытушылар көңілінен шықты.
Дегенмен, кей жұмыс жөнінде оқытушылар тарапынан жекелеген ұсыныс болғанын да айта кетуіміз керек. Мұндай ұсыныстар дипломдық жұмыстың мазмұнына нұқсан келтірмейді және арнайы комиссия алдында қорғауға дейін толықтыруға мүмкіндік те, уақыт та бар. Осыны ескерген оқытушылар құрамы студенттердің дипломдық жұмыстарын түгелдей қорғауға жіберу жөнінде бірауыздан ұйғарым жасады.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының бітіруші топ студенттеріне сәттілік тілейміз.