2022 жылғы 20 сәуірде «Рухани жаңғыру» аясында Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған «Алты Алаштың ардақтысы – Қазыбек би» атты қалалық конференция өтті. Оған академияның Ғылыми-зерттеу және жоғарыдан кейінгі білім беруді ұйымдастыру орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, заң пәндері кафедрасының доценті Елеужан Серімов қатысып, «Қаз дауысты Қазыбек би – дипломат, бітімгер, ойшыл» тақырыбында баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында қазақтың билер институты мен билер кеңесі, хан ордасындағы «Тағанақ кеңесі» мен «Тұрымтай кеңесі» аталатын хандар кеңесі, «Қаз» аталатын әскери жиын кеңесі жөнінде сөз қозғап, далалық заңдар жүйесіндегі «Жеті жарғы» жосығы, оны қалыптаудағы Қазыбек би Келдібекұлының тарихи орнына кеңінен тоқталып, неліктен бидің Қаз дауысты алатын жорамалдар туралы мағлұмат беріп өтті. Конференцияға қалалық ұйымдар өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.