Қарағанды қаласының 87 жылдығына

Горюнова Александра, Ин-19-1 тобының студенті:

Қарағанды қаласының барлық тұрғындары үшін қуанышты күн – 10 ақпанда атап өтілетін қала күні жақындап келеді. Қарағанды – Қарағанды облысының жүрегі. Қала мәдени, ғылыми, индустриалды-өнеркәсіптік және экономикалық орталық болып табылады. Қала мәртебесін 1934 жылы БОАК -тың Президиумы берді және сол күннен бастап біздің жас қаламыздың тарихы басталды. Бірақ қазіргі Қарағанды туралы айтпас бұрын, қаланың өткеніне үңіліп көрейік:

Қаланың атауы сары акация түрінде кең таралған бұта – “қараған” деген қазақ сөзінен шыққан. “Қараған” сөзіне жалғанған “-ды” жұрнағы сын есімді білдіреді, осыған сәйкес Қарағанды – бұл қараған жайлаған жер. Сондай-ақ, бір кездері сол далада өмір сүрген бір ашкөз бай туралы аңыз бар. Оның барлық қойлары мен ешкілерінің ішінде бір қара қой болады, бай оны басқа қойлардан ерекшелеп, тұқымды болғандықтан күтімін қадағалатып жүреді. Бір күні қара қой басқалармен бірге жайылымнан оралмайды. Малшылар байға ол қойдың қоздайтын уақыты келгендіктен отардан қалып қойғандығын айтады. Бай ашуланып, қойшыларға жоғалған қойды қайтсе де табуды бұйырады. Қойшылар қойды қанша іздесе де таба алмайды. Сонда олардың бірі: “Қой жоқ, қайда барсаң да, барлық жерде қараған ғана!», дейді. Содан бері бұл жер Қарағанды деп аталады.

Қарағанды-шахтерлер қаласы екені белгілі. Бұл жерде ХХ ғасырдың басында, алдымен орыс саудагерлері, кейінірек ағылшын және француз кәсіпкерлері көмір өндіре бастайды. Ал тас көмірді алғаш рет 1833 жылы Майқұдық ауылы (қазіргі Майқұдық тұрғын алабы) маңында тапқан Аппақ Байжанов Қарағанды көмір бассейнінің алғашқы ашушысы болып саналады. Көмірдің жанатын, қызу беретін қасиеттерін көріп білген Аппақ оны қазып алып таяу ауылдарға тасып беріп отырған. Аппақ Байжановтың құрметіне Қарағандыдағы көше мен көмір шахтасына оның аты берілді. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының алдына ескерткіш қойылды.

Сонымен қатар, қала тарихы Карлаг және АЛЖИР түзету-еңбек лагерлерімен тығыз байланысты. КСРО және шетел ғылым және өнер қайраткерлерінің басын қосқан Карлаг – Қарағанды мәдениетінің ошағына айналды. Кеңес мерекелерінің құрметіне тұтқындардың күшімен концерттер, қойылымдар өткізіліп, тіпті балет қойылды. 1930 жылдардың соңында Қарағанды бейнелеу өнерінің тарихы басталды және жалпы Қазақстан өнерінің жаңа кезеңінің дамуына алғышарттар жасалды.

Қазіргі Қарағанды-халқы 500 мыңға жуық адамға жететін қала. Қарағанды облысында көмір өндіретін ірі кәсіпорындар, машина жасау, металл өңдеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары жұмыс істейді. Қалада көлік, білім, ғылым, мәдениет және байланыс кәсіпорындары көп. Жергілікті тұрғындардың мәдени демалысы мен ойын-сауығы үшін бәрі бар: клубтар, үлкен орталық саябақ, 4 театр, 6 кинотеатр, 3 мұражай; әйгілі орындаушылар мен ұжымдар келетін түрлі музыкалық фестивальдер өткізіледі. Бұрынғы кездегідей, мұнда ел үшін маңызды көлік артериялары: теміржол және автомобиль жолдары өтеді.

Қарағандыда халықаралық рейстерге қызмет көрсететін өзінің Сарыарқа әуежайы да бар. Қарағандыға кез-келген көлік түрімен: ұшақпен, пойызбен немесе автобуспен жетуге болады. Сондай-ақ, облыс жоғары оқу орындарының саны бойынша облыстар арасында бірінші орынды және бірінші деңгейдегі барлық әкімшілік бірліктер арасында үшінші орынды (Республикалық маңызы бар Нұр-сұлтан және Алматы қалаларынан кейін) алатынын атап өткім келеді.

Барлық қарағандылықтарды шын жүректен қала күнімен құттықтаймын! Сіздерге ашық аспан, жақсылық пен өзара сыйластық тілеймін! Әр адам өз қаласының игілігі үшін жұмыс істеп, оны ұмытпасын, ал қала өз кезегінде тұрғындарды өсу мен дамудың жаңа мүмкіндіктерімен қуанта берсін.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.