Жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бойынша Республикалық семинар

2025 жылдың 21 ақпанда Академия оқытушылары Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің департаменті мен Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бірлесіп ұйымдастырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бойынша жыл сайынғы республикалық семинарға Академия атынан А. С. Абдрахманова, С. А. Блялев, А. К. Ахметова, А. У. Аупенова және М. К. Абдрешева қатысып қайтты.


Семинарға еліміздің 26 жоғары оқу орнының оқытушылары мен Қарағанды облысының колледж басшылары қатысты. Бұл іс-шараның мақсаты – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімді өзектендіру болды.
Департамент басшысы С. Н. Перов және университет ректорының м. а. Е. Ж. Сармурзин құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Онлайн-сессияда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Абылайхан Ақерке мен академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесінің басшысы Нұргүл Нұрлан баяндамалар жасады.
Семинар аясында «Брейн-ринг» командалық ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.


Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сертификаттарды тапсыру рәсімі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшылығының қатысуымен салтанатты түрде өтті. Бұл семинар адалдық пен парасаттылық қағидаттарын ілгерілетудегі маңызды қадам болды.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.