Ғылымға серпін береді

Әлемде білімділердің бәсекесі қызған тұста, отандық оқу-ғылымның көш соңында шаң қауып қалмауы – аса зор мәнге ие. Ілім-білім кем елде даму да, ілгерілеу де жоқ. Ғылым өрістемейінше, өркендеу де кемшін. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында білім саласына тағы бір басымдық берді. Білімнің сапасы қашанда өзекті.

Ал, елдегі ғылым жүйесінің әлі де күрмеуі шешілмеген түйіндері бар екендігі жасырын емес. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің ғылымға қамқорлық танытуы үшін арнайы тапсырма берді. Бұйырса, Президент тапсырмасына сай еліміздің 500 ғалымы әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарына сапарлап бармақ. Содан арнайы тағылымдамадан өту арқылы отандық ғылымның өрісін кеңейтететін болады. Бұл – өте қуанарлық жайт.

«Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын.

Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты.

Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деді Президент.

Ғылымның одан әрі дамуына түрті болатын Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы ғалымдарға тың мүмкіндік берері шүбәсіз. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықты тыюға қатысты тапсырмалары да көптің көкейінен орын алары хақ. Сыбайластықпен ымырасыз, жемқорлықпен үздіксіз күрес ондағы тәсілдерді өзгерту қажеттігін көрсеткені белгілі. Мемлекет басшысы осыны тап басты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық өзгерістер енгізу туралы тапсырмасы бұл дерттің де жойылуына ықпал етеді деген сенім зор.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ, «Bolashaq» академиясының ректоры

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.