Мен, Сембек Назерке, Қарағанды қаласы «Bolashaq» академиясының «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының, К-22-1 тобының студентімін.
Мен, ЖББ №6 орта мектебінде 23 қаңтар мен 3 ақпанның аралығында оқу танымдық практикадан өттім. Осы мектептің «5» сыныбына қазақ тілі әдебиеті пәндері бойынша сабақ бердім. Оқу-тәрбие жұмысының жоспарларымен таныса отырып, сынып жетекшісі және пән мұғалімімімен жақын қарым-қатынаста болып, мектепішілік шараларға барынша атсалысуға тырыстым. Өткізілген сабақтардың жоспарын алдын-ала тексертіп, талдап, бекіттіріп отырдым. Қазақ тілі пәні бойынша «Қожаның қиялы», «Ғажайып планета» сабақтары өз мақсатына жетіп, сәтті өткен сабақтарым болды. Бұл сабақтарымда жаңа тақырыпты қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен астастыра отырып, оқушылардың сабаққа түгелдей дерлік қатысуларын қадағалап, әділ болуға тырыстым. Әдебиет пәнінен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Ахмет Байтұрсынұлының «Адамдық диқаншысы» шығармалары оқушылардың аса қызығушылықпен қабылдап, өте жақсы белсенділік көрсеткен сабақтарым болды. Шәкірттерімді сабақ бере отырып, жеке шығармашылық тұрғыдан дамытуға, алған теориялық білімдерін практика жүзінде қолдана білуге, әр іске жауапкершілікпен қарауға, оқытушымен бірге жұмыс түрлерін игеруге үйреттім. Сабақтарымды қызықты өткізу үшін көрнекілік құралдарды, қима қағаздарды, деңгейлік тапсырмаларды қолдандым. Әр сабағымда қосымша деректер беріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра түстім. Әр жұмысты атқаруда пән мұғалімі мен сынып жетекшімнің іс-тәжірибелеріне, ақыл-кеңестеріне көңіл бөліп, басшылыққа алып отырдым. Осы танымдық практиканың маған бергені мен үйреткені, болашақта жақсы мұғалім болып қалыптасуыма қосқан үлесі зор болды.
Осы екі аптаның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің көмегімен ашық сабақ жоспарын құрып, «Түбінде адам болатын бала» тақырыбында ашық сабақты да беріп үйрендім. Балалардың алған білімдерін шыңдау үшін ақындардың суреті бойынша өз білген өлендерін талқылап ортаға салу мақсатында және балаларға қызықты болсын деп сергіту сәті ретінде де портретпен жұмыс түрі алынды. «Сабақ мақсатына жетті»,- деп жетекшім жақсы баға берді.
Білім – адамзат мәдениетінің ең көрнекті және ауқымды ұғымдарының бірі. Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтап тұрушы негізгі фактор. Әуелі адам баласының басқа жаратылыстан ерекшелігі, ол саналылығы болса, сол саналы жаратылыс иелерін бір-бірінен үстем көрсетіп, бір-бірінің алдында шынайы құрмет пен атақ-абыройға бөлейтін осы білімнің жемісі болмақ. Ол турасында ұлы ойшыл, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деп тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген екен. Сондықтан қай кезде болса да біз білімімізбен шыңдаламыз.
Сембек Назерке
Қарағанды қаласы «Bolashaq» академиясының
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ К-22-1 тобы