«Тәуелсіздік – тұғырым» атты кураторлық сағат

2023 жылдың 15-ші желтоқсанында құқықтық және қаржылық пәндері кафедрасының аға оқытушысы Г.К. Отыншиева Ю-22-2 тобының студенттерімен  «Тәуелсіздік – тұғырым» атты кураторлық сағат өткізді.  Кураторлық сағаттың мақсаты: Студенттерге тәуелсіздіктің кімдердің қанымен, қандай ауыртпалықпен келгендігі жайлы айтып, ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық парызды әрбір қазақ баласының бойына дарыту, туған жерін, елін, Отанын сүюге патриоттық тәрбие беру.

Г.К. Отыншиеваның студенттерге оқыған баяндамасынан: 1991 жылы біздің еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлап, тәуелсіз егеменді ел болдық. Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқы өзінің «Тәуелсіз ел» атануы үшін ұзақ, талай қанды қырғынды, зорлық-зомбылықтарды көрді, қасірет шекті.

1986-шы жылы қаралы желтоқсан оқиғасы болды. Д.Қонаевтың зейнетке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г.В. Колбин сайланды.  Көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті. Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз-жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Қайрат Рұсқылбеков, Ербол Спатаев, Лаззат Асанова Сабира Мұхаметжанова сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан талшыбықтай жастарымыздың өмірін көктей үзді. Арада бес жыл өткенде қыршын өлген жастарға Алаңда ескерткіш орнатты. 

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.