Кәсіптік бағдар жұмысы аясындағы «Жас педагог» байқауы

«Bolashaq» академиясының «Педагогика» кафедрасы Қарағанды облысы мен қаласының мектептері, лицейлері және гимназияларының 11 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында «Жас педагог» байқауын ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – 11 сынып оқушыларының педагогикалық іс-әрекетке қабілеттіліктерін анықтау, сыни ойлауды дамыту, білім алушыларға болашақ мамандығы туралы өз ойларын, көзқарастары мен идеяларын білдіруге мүмкіндік беру және талантты қатысушыларды анықтау.

Байқаудың міндеттері:

– болашақ мектеп түлектерінің кәсіби өзін-өзі анықтауын сүйемелдеу және болашақ мамандықты таңдауда көмек көрсету;

– кәсіби педагогикалық білім берудің маңыздылығын күшейту, педагогикалық мамандықтардың беделін көтеру;

– болашақ ғылыми-зерттеу және кәсіби қызметінде дарынды жастарды анықтау және қолдау.

Конкурс онлайн форматында өтті және екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – медиавизитка, бұл байқауға қатысушылардың презентациясын қамтитын еркін бөлім. Екінші кезеңде қатысушылар «Педагогикалық кәсіптер картасы» тақырыбында менталдық карта жасап, қысқаша презентация дайындады. Бұл кезеңде әр қатысушы өз менталдық картасының тармақтарын бейне немесе слайд-шоу форматында түсіндіруі қажет болды.

Байқауға қатысуға қалалық және облыстық деңгейде бірқатар мектеп оқушыларынан өтінімдер қабылданды. Жеңімпаздарды ғылыми дәрежесі бар «Bolashaq» Академиясының «Педагогика» кафедрасының жетекші мамандары, сондай-ақ білім беру жүйесінің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын байқау комиссиясы анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталды, ал қалған барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Байқауға қатысушылар келесі жүлделі орындармен марапатталды:

1 орын – бірінші курста тегін оқуға арналған грант иегері, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ғабиден Мұстафин кентінің «Токаревка тірек мектебі (ресурстық орталық)» оқушысы Кром Екатеринаға берілді.

2 орын – бірінші курста оқу ақысына 50% жеңілдік иегерлері, №103 «Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің» оқушысы Ақылбаева Ақмарал мен Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Шахтер ауылының Қайып Шайменов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Борюшкина Викторияға тиесілі болды.

3 орын – бірінші курста оқу ақысына 25% жеңілдік иегерлері, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Татан ауылының Жалпы білім беретін №23 мектебінің оқушысы Шабаз Әнел мен Қарағанды қаласының «№86 ЖББМ» оқушысы Алиева Сабринаға берілді.

Байқау білім алушыларға болашақ мамандықтары туралы өз ойларын ашық жеткізуге және шығармашылықтарын көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, байқау талантты және перспективті қатысушыларды анықтауға мүмкіндік жасап, педагогикалық салаға қызығушылық танытқан жас мамандардың қатарының артуына септігін тигізді. Бұл іс-шараның нәтижелері жастарды кәсіби бағыттау мен педагогикалық білім беру саласын дамыту үшін маңызды қадам болып табылады.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.