28 қараша күні «Құқықтық және қаржылық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңа салық кодексі: құқықтық трансформация, инновациялар және экономикаға әсері» атты ғылыми семинар өтті. Семинардың модераторы – з.ғ.к., профессор Кабжанов А.Т.Іс-шараға кафедра оқытушыларымен, «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттерімен қатар, университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға айрықша үлес қосып жүрген ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Асакаева Дана Саламатқызы қатысты.

Семинардың басты баяндаушысы – э.ғ.м., ҚҚП кафедрасының аға оқытушысы Ахметова Б.Т. ол «Жеке және заңды тұлғаларға салық салудағы негізгі өзгерістер» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, жаңа салық кодексіндегі жаңашылдықтардың мәні мен олардың практикалық маңызын жан-жақты ашып көрсетті.Сондай-ақ, семинарға Шахтинск қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Ф. Р. Серкибаева қатысып, кодекске енгізілетін өзгерістер жөнінде кең көлемді түсініктеме беріп, қатысушылардың сұрақтарына толық әрі нақты жауап берді.

Семинардың негізгі мақсаты – жаңадан қабылданған салық кодексіндегі өзгерістерді ғылыми тұрғыда талқылау, олардың құқық қолдану практикасына ықпалын бағалау және реформалардың экономика мен қоғамға тигізетін ықтимал әсерлерін айқындау болатын.Қазіргі экономикалық жағдайдың жаңаруы, цифрландыру процесінің белсенді дамуы және бизнес-процестердің өзгеруі салық жүйесінің жаңаша форматта қайта құрылуын талап етеді. Осыған байланысты жаңа салық кодексі экономикалық белсенділікті ынталандыруға, әкімшілендіруді оңтайландыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған жүйелі реформа ретінде бағаланды.

Семинар барысында қатысушылар салық салу саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, корпоративтік, жеке табыс, мүлік және басқа да салық түрлеріне байланысты көптеген сауалдар қойды.Жалпы, бұл ғылыми семинар жаңа салық кодексінің стратегиялық маңызын, оның ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді мақсаттарымен үйлесімділігін және реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тұрақты ынтымақтастықтың қажеттілігін айқын көрсетті.

Ұйымдастырушылар атынан семинар жұмысына белсене қатысқан ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Асакаева Дана Саламатқызына ерекше алғыс білдіреміз.Семинардың басты баяндамасын жоғары деңгейде дайындап, мазмұнды талдау ұсынған Ахметова Б.Т.-ға, сондай-ақ жаңа салық кодексіне қатысты кәсіби түсініктеме берген Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ф.Р. Серкибаеваға зор ризашылық білдіреміз.Сонымен бірге барлық оқытушылар мен студенттердің белсенділігі мен пікірталасқа қосқан үлесі семинардың тиімді өткізілуіне ықпал етті. Осындай ғылыми мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.