21 мамыр күні облысымыздың Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы, Достық үйінің мәжіліс залында қазақ тілінің ғылымдағы әлеуетін насихаттауға бағытталған «Қазақтілді контент мәселесі: шешу жолдары» тақырыбында облыстық семинар өткізіп, оған ЖОО лингвистері және колледж бен мектеп мұғалімдері, сондай-ақ белгілі тіл жанашырлары қатысты.
Семинар барысында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің қауымдастырылған профессорлары Б.А.Қалиев пен А.К.Акижанова, Қарағанды медицина университетінің қауымдастырылған профессорлары М.Ә.Мәретбаева мен З.Т.Мұхаметжанова және Ә.Сағынов атындағы ҚарТУдың PhD докторы Б.Ш.Асқаров қазақ тілінің ғылыми әлеуеті, ЖОО-лардағы қазақша контент және салалық терминология мәселелері жөнінде баяндама жасады. Айтулы шара соңы ашық пікірсайысқа ұласып, келелі тақырып аясында бас қосқан тіл мамандары өзекжарды ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел форматында өткен семинарға «Bolashaq» Академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасынан арнайы шақыртумен тыңдаушы ретінде қатысқан профессор Қ.З.Сембиев және доценттерР.Х.Абдрахманов, Ж.М.Баймұрынов, Б.А.Абылбаева қазақ тілінің ғылыми мүмкіндігі турасында өрбіген ойталқы кезінде көкейтесті проблемалық ойларын айтты.
Іс-шара соңында семинарға қатысқан мамандарға Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы С.М.Әбеуова сертификат табыстады.
Жалпы, семинарда көтерілген тақырып, талқыға түскен жайттың көпшілікке ой салғаны, ғылым базарында қалам ұстаған ғалымдар мен мұғалімдер үшін пайдалы мазмұнда тарқатылғаны әрбір тыңдарманның жанарынан аңғарылып тұрды. Сондықтан қазақ тілінің ғылымдағы рөлі мен әлеуетін нығайту және ұлттық сипатта дамыту мәселесіне арналған мұндай басқосудың жиірек өткізілгенін құп көреміз.
Жанболат БАЙМҰРЫНОВ,
қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті