7 қарашада «Bolashaq» Академиясы қабырғасында «Бейбарыс сұлтан – жеңістер атасы» атты ағартушылық – танымдық тәрбиелік мәні зор дәріс жүргізілді.
Дәрісті ӘТЖ проректоры Р.Н. Исмаилова ашты, ол мұндай іс – шараның мақсаты-Сұлтан Бейбарыс мұрасын дәріптеу-өскелең ұрпақты ұлы қайраткерлердің мұрасымен таныстыру екенін атап өтті.
Атаулы дәрісті ООД кафедрасының т.ғ.к, доценті Е.Б.Касенов жүргізіп, студенттерге тұщымды ақпараттармен бөлісті. Мысырды билеген, алып мемлекеттің тұғырын нықтаған Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл. Бұл айтулы датаның Қазақстан мен Мысыр үшін жөні бөлек. Тарихи тұлға қос елдің арасындағы алтын көпір іспеттес. Мемлекеттер арасындағы екі жақты қарым-қатынас бұрыннан бері қалыптасып, дамып келеді. Соның бір жарқын мысалы – екі елдің бірлесе іске асырған жобасы – Бейбарыс Сұлтан мешітінің реставрациялануы. Тарихи нысан әйгілі сұлтанның мұрындық болуымен бой көтергені белгілі. Аталмыш мешіт бүгінде Каир қаласындағы қастерлі орындардың бірі саналады.
Дәріс барысында студенттер өздерінің ізденіп, дайындап әкелген баяндамалар мен слайд материалдарын ортаға салды. Баяндама төңірегінде іргелі тақырып жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, Бейбарыс Сұлтанның дипломатия, өнер, ислам бағытындағы маңызы туралы көптеген қызықты деректер алға тартылды.