Республикалық пәндік олимпиада

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті 2024 жылдың 25-26 сәуірінде «6B01701– Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша ҚР жоғары оқу орындары студенттері  және «Қазақ тілі» пәні бойынша ҚР жоғары оқу орындарының өзге ұлт өкілдері студенттері арасында  ХVI  Республикалық пәндік олимпиадасын өткізді.

  ҚР жоғары оқу орындарының өзге ұлт өкілдері студенттері арасынан Республикалық пәндік олимпиадасына барлығы 12 ЖОО командалары қатысты. «Bolashaq» Академиясынан қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Б.А.Абылбаева дүбірлі додаға өз студенттерін де дайындап, қатысып келді.   Команда құрамында 1-курс студенттері Дудукина Ксения, Мурадова Рузалина, Булут Ирем болды.

Олимпиаданың мақсаты – тіл мәдениетін арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, әлеуметтік-коммуникативтік ортада мемлекеттік тілді қолдануды ынталандыру, қазақ тілін қолданудың мәртебесін нығайту, қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыру, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, үйлесімді тілдік орта құру.

Республикалық Олимпиада 2 кезеңмен өтті:

І кезең. 1. «Мен таңдаған университет» байқауы. Әрбір қатысушы өзі және оқитын білім ордасы туралы, яғни «Мен таңдаған университет»  тақырыбында ақпарат берді. (15 балл)

2. Тыңдалым  және айтылым тапсырмалары орындалды. (40 балл)

ІІ кезең. 1. Оқылым бойынша тапсырмалар орындалды. (20 балл)

2. Жазылым  бойынша еркін тақырыпта эссе жазды.(25 балл)

Олимпиада өте жоғары деңгейде өтті, алынған тапсырмалар, қойылған сұрақтар, қарастырылған мәселер бүгінгі күнмен ұштасқан заманауи келелі мәселелерді қамтыған, тіл мәселесінің мақсат-міндеттерін айқындай алатын негізде құрылған ауқымды тақырыпта болды. Әр ЖОО-нан келген қарсылас командалар өздерінің қай жағынан болса да мықты екендіктерін дәлелдеді.  

Академияның атынан барған біздің студенттеріміз де барынша тырысып, өз білімдерін көрсете білді. Жүлделі орын алмасақ та баллдық жүйе бойынша жақсы көрсеткіш көрсетіп, алдағы уақытта болатын пәндік олимпиада, т.б. байқауларға қажетті көп тәжірибе алып қайттық.

Республикалық пәндік Олимпиадаға қатысқан студенттерге сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді және жетекшілік еткен Б.А.Абылбаева Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті ректорының Алғыс хатымен марапатталды.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.