FaceBook-тегі бетінде “Bolashaq” академиясының ректоры профессор Қ. Н. Меңлібаев Мемлекет басшысының мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзі бойынша өз ойымен бөлісті.
Ел басына күн туған кезде отансүйгіштігімен, адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен барлық болмысы жарқырай көрінген кешегі соғыс ардагерін әрдайым құрметпен, мақтанышпен еске алуға тиістіміз.
Олар тауқыметті көп кешсе де, тағдырдың қандай да сынына қарсы тұрып, ұрпағының бақыты үшін өмір мен соғыс майданында күреске түскен тұлғалар.
Ерлік пен табандылықтың, қайсарлық пен төзімділіктің жарқын үлгісін көрсетіп өткен өрелі азаматтар еді. Жасыратыны жоқ, басына қандай қиындық туса да сыртқа сездірмеген, қиындыққа мойымаған, еңкейіп бүгілмеген, жақсыдан түңілмеген ардақты әкелеріміздің арқасында бүгінде шалқып-күліп жүрміз.
Қазіргі күні Ұлы жеңістің құнын түсіргісі кеп жүргендердің де бар екендігіне қатты өкініп қаламыз. Тәрбиемізде кеткен ақаулық бұл. Ауруын жасырған өледі дейді қазақ, бұлай болмауы керек еді. Кейінгі ұрпақты бекзаттық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу, баулу қоғамдағы кезек күттірмейтін келелі істің біріне айналғаны жөн.
Дәл осы кезде, Ұлы жеңістің 75 жылында, ғұмырда қатары сиреген ардагерлерді ерекше еске алғанымызды дұрыс деп білеміз. Міне, осындай құрметтің үлгісін облысымыздың бас әкімі бастаған шын мәніндегі азаматтардың ісін көріп, шын пейілмен қуанып қалдық.
Ұлы Отан соғысына қатысқандар өз алдына, туған жердің топырағынан табан аудармай, елге, жерге қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен тылдағы әке-шешелеріміздің орны қашан да бөлек болмақ. Оларға адал қызметтері үшін мемлекет тарапынан көрсетілер көмек қашан да аздық етеді.
Әйтсе де Қарағанды облысы мұндай соғыс пен тыл ардагерлерге материалдық көмек көрсетуді бүкіл Қазақстанда алғашқы боп бастаған аймақ болып отыр. Қолдағы мәліметтерге жүгінсек, қазір аймақта қалған ардагерлеріміз 67 болса, оның – 55-і Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 12-сі – Ұлы Отан соғысының мүгедектері екен.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн.теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек есеп шоттарына аударылыпты, үйлеріне жеткізіліпті. Көмектің жалпы сомасы – 67 млн.теңге шамасын құрайды екен.
Сонымен бірге Ұлы отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген – концлагерь тұтқындары, Ленинград блокадасында болғандар, майданға өз еркімен барған ардагерлер 200 мың теңгеден қаржы бөлініпті. Мұндай ардагерлеріміздің саны облыста – 101.
Тыл еңбеккерлері мен майданнан қайтпағандардың отбасына 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек жасалғаны – қоғамның түзелгенінің белгісі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа рухани серпіліс беретін өнегелі іс деген ойлаймыз.
Біз Ардагерлеріміздің ерлігі мен еңбегін ешқашан да ұмытпақ емеспіз. Олардың ерлігі – мәңгілік!
Қ. Меңлібаев, “Bolashaq” академиясының ректоры