2021 жылғы 30 сәуірде Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Орталық Азия халықаралық институтымен (ОАХИ), Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясымен бірлесіп “Жеңіс паркі” мемориалдық кешенінде “Орталық Азия халықтарының тарихы мен жадындағы Екінші дүниежүзілік соғыс: оқиғалар, қатысушылар, рәміздер”ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференция спикері ретінде “Bolashaq” академиясының “Руханият” ҒЗО – ның директоры А.У. Аупенова баяндама жасады. Өз сөзінде баяндамашы Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында өткізілген “Жеңіс тұлғалары” виртуалды көрмесі мысалында халықтың қаһармандық ерлігі туралы тарихи жадыны сақтау бойынша жұмыстың бір түрін көрсетті және Кеңес Одағының Батырлары – қарағандылықтардың бейнелерімен түсірілген мұражай экспонаттарымен, өнер туындыларымен таныстырды.
Конференцияның мақсаттары мен міндеттері Орталық Азия халықтарының Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісіне қосқан үлесін ғылыми түсіну, әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктерінің рухани және психологиялық бастауларын анықтау, қоғам тарапынан өңір мемлекеттерінің тарихына деген қызығушылықты арттыру, өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу болды.
Іс-шараға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Үндістан, Индонезия дипломатиялық миссияларының басшылары мен өкілдері, Ресей, Қытай, АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Германия, Корея Республикасының әскери атташелері, Өзбекстан Республикасында аккредиттелген ШЫҰ-ның қоғамдық дипломатия орталығының директоры, Орталық Азия елдерінің ғалымдары мен екінші дүниежүзілік соғыс тарихы жөніндегі мамандары қатысты.
Конференцияны ашқан Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Хамдам Қаршиев Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрі Баходир Курбановтың құттықтау сөзін оқып берді. Атап айтқанда, бұл екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ең көп зардап шеккен және көптеген адамдары құрбан болған одақтас республикалардың халықтары екендігі атап өтілді: “Біздің халықтарымыз әрдайым майданда және тылда өздерін аямай, күн сайын, сағат сайын жауды жеңуге мәжбүр еткендердің батылдығы, рухани күші мен патриотизміне бас иеді”
ОАХИ директоры Анвар Насиров өз сөзінде Орталық Азияның майданды қамтамасыз ету бойынша сенімді тылға айналғанын атап өтті.
Соғыс жылдары Өзбекстаннан, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Түрікменстаннан әскери бөлімдерге 4 млн.астам адам шақырылды.
Орталық Азия елдерінен бір жарым миллионға жуық жауынгер қаза тапты, 780 мыңнан астам адам ордендер мен медальдармен марапатталды, оның ішінде 1000-нан астам адам Кеңес Одағының Батырлары, 250-ге жуық адам Даңқ орденінің толық кавалерлері болды.
Орталық Азия елдері соғысқа қатысқан Батыс аумақтардан 3 миллионнан астам эвакуацияланған адамдарды қабылдады.Әсіресе балаларды қалай құтқарғанының амалдары ерекше.
Орталық Азия, Ресей және Беларусь елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары сөз сөйлеу барысында Жеңіс Күні ең қастерлі және есте қаларлық күндердің бірі деген ортақ пікірге келді.
Бұл халықтардың тарихи шежіресіндегі қасиетті күн, ол өмірдің салтанатты қуанышы мен қайғы-қасіретін біріктіреді. Соғыс тауқіметі тимеген, оны айналып өткен отбасы жоқ.. Бұл күні біз фашизмді жеңген отан қорғаушыларын еске алып, олардың алдында басымызды иеміз, олар бізге бейбіт аспан астында өмір сүруге және еркін адамдар болуға мүмкіндік берді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жаһандық маңызға ие болды және тілге немесе мәдениетке қарамастан халықтардың ортақ күш-жігері мен бірлігі арқасында аяқталды.
Қатысушылар Орталық Азия халықтарының әкелер мен аталардың ұлы жауынгерлік және жанқиярлық ерліктерін еске ала отырып, өздерінің бар күш – жігерін ұлы құндылық-бейбіт және гүлденген өмірді сақтауға жұмсайтынына сенім білдірді.
Конференция қорытындысы ата-бабаларымыздың ұлы ерлігін жас ұрпақтың жадында жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштық үшін сақтау қажеттігін тағы да айғақ етті.