«Bolashaq» Академиясы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Қ.З.Сембиев пен п.ғ.м., аға оқытушы Б.А.Абылбаева «Достық» үйінде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, белгілі тілші-ғалым А.М. Фазылжанованың қатысуымен өткен «Мемлекеттік тіл саясаты және латынграфикалы әліпби мәселесі» тақырыбында облыстық семинарға қатысты.
Тілші-ғалым Анар Мұратқызы Фазылжанова «Инофондарға қазақ тілін оқыту дидактикасы: тілтанушының жеке тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі кездегі тілдік жағдаят, қоғамның тілдік бейнесі, тілді оқыту мәселесі, өзгетілді аудиторияға мемлекеттік тілді оқытудың ғылыми негіздеріне тоқталды. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары тарапынан қолға алынған Ұлттық корпусқа тоқталып, корпустың ішкі мазмұнымен таныстырды.
Тіл жанашырларының басын қосып, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі туралы өзекті ойларын ортаға салған семинар жоғары деңгейде өтті.
Семинардың барысында біздің әріптестер де Анар Мұратқызына мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін арттыру, тілді әлеуметтік тұрғыдан зерттеу мәселесіне қатысты көкейтесті сұрақтар қойып, құнды жауаптар мен ақпараттар алды.
Профессор Қ.З.Сембиев айтылған өзекті мәселе бойынша ой қозғап, академияда тіл мәселесіне байланысты атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып өтті және тілші-ғалымға өз алғысын білдірді.
Семинар соңында қатысушыларға Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының сертификаты берілді.