Кеше «Bolashaq» Академиясында әлемдік спорт аренасының жұлдызы – кубалық әйгілі әуесқой боксшы, екі дүркін Олимпиада және үш дүркін әлем чемпионы Марио Кинделан қонақ болды.

Алдымен Марио Кинделан Академия ректорының қабылдауында болып, оқу орнының даму бағыттары мен жетістіктерімен танысты. Бұдан кейін өткен ашық кездесуде студенттер мен оқытушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды.



Мазмұнды кездесуден кейін іс-шара аясында ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін ерекше рәсім – тұсаукесер өтті. Белгілі спортшы Марио Кинделан салтанатты түрде кішкентай баланың тұсауын кесіп, оған ақ жол тілеп, естелік ретінде қолтаңбасын қалдырды. Бұл сәт қазақ халқының қасиетті салт-дәстүрін құрметтеудің, сондай-ақ халықаралық қонаққа ұлттық құндылықтарымызды таныстырудың жарқын көрінісі болды.



Сапар барысында Марио Кинделан «Bolashaq» колледжінде де болып, колледж ұжымы оны салтанатты түрде қарсы алды. Колледж студенттері қонаққа ұлттық ойындарымыз – асық ату, бес асық, күрес және басқа да дәстүрлі спорт түрлерінен өнер көрсетті. Сонымен қатар, атақты спортшы колледждің боксқа қатысатын студенттеріне арнайы шеберлік сағатын өткізіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.



Іс-шара соңында Марио Кинделан Turan-El Qazaq Sport орталығында болып, атқа мініп, ұлттық болмысымыздың айшықты қырларымен танысты.




Бұл кездесу студенттер мен оқытушылар үшін спорттық рухты көтеріп, халықаралық деңгейдегі тәжірибені үйренуге зор мүмкіндік берді.