14 қыркүйек күні «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Смагулова М.С. және К-20-1 тобының студенттері Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрында өткен Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабековтің «Рақымжанның Қасымы» пьесасын тамашалауға барды.


Қойылым қазақ поэзиясының көгінде жұлдыз болып жарқырап, әсем ән болып шалқыған Қасым ақынның туған жерін сағынып, көгілдір Кент тауларын аңсап жыр толғаған сәттерінен басталады да, бірте-бірте балалық шағына ойысады. Қойылымның негізгі мақсаты қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың өмірі жайлы ғана емес, қазақ даласында ауыз толтырып айтарлықтай ірі тұлғаларымыздың болғанын келер ұрпаққа жеткізу болып табылады.

Театр қойылымдарына жиі барып тұру жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуда, эстетикалық талғам мен көркемдік және шығармашылық қызметке қызығушылықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.