20 қараша күні «Bolashaq» Академиясының конференц-залы түлектерді жылы жүздесуге жинады.
Кездесуді «Bolashaq» Академиясының ӘТЖ проректоры Р.Н. Исмаилова ашты. Өз сөзінде ол оқу орнының жетістіктері мен оның түлектерінің табыстары туралы айтып, барлық қатысушыларға өздерінің Alma mater түлектері деген атақты мақтан тұтуға және кәсіби қызметте биік белестерге жетуді тіледі.
Бүгінгі кездесу де осы дәстүрдің жалғасы болды. Қонақтардың арасында 2016 жылғы түлегіміз – Қазымова Айдана Зейнұллақызы. Ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуды аяқтаған. Осы бағыт бойынша білім алып жүрген студенттер оның әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, болашақ мамандықтың қыр-сырын үйренді.
Айдана Зейнұллақызымен кездесуде студенттер оның еңбек жолы, студенттік өмір естеліктері және өмірлік құндылықтары туралы білді.
Академияны бітіргеннен кейін қандай кәсіби жолды таңдадыңыз?
– Академияны ойдадағыдай аяқтағаннан кейін, алғашқы жылы алтын бесігім Бұқар жырау ауданы, Керней ауылында кітапхана саласында қызмет атқардым. Кітапхана саласында қызмет атқарып жүріп білімімді шыңдап, оқырмандармен тығыз жұмыс жасап тәжірибемді бекіте түстім. 2017 жылы тұрмысқа шығып, нұрлы Нұра ауданында кәсіби мамандығым – ұстаздық жолды бастадым.
Академия дипломы мансаптық мақсаттарыңызға жетуге көмектесті ме?
-Әрине, Академия қақпасынан шығып, кәсіби әлемге қадам басқан кезде, мансап жолымыз басталады. Академия дипломы мансаптық мақсаттарыма жетуге көмектесті, бүгінгі таңда Нұра ауданы, М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.
Академияда алған қандай дағдылар жұмысыңызда ең пайдалы деп ойлайсыз?
– Ақыл-ой, еңбек дағдысы және мәдени дағдыны бірінші орынға қоямын.
Кәсіби жолдың басында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Кәсіби жолдың басында қиындықтар болды деп айта алмаймын. Білім ордасына келіп әріптестеріммен жылдам тіл табысып, ортаға тез бейімделдім деп ойлаймын.
Мансаптағы қандай жетістіктеріңізді ерекше мақтан тұтасыз?
– Мұғалімнің бүкіл мақтанышы-шәкірттерінде, өзі берген білімді оқушының қабылдап, өсіп-өнуінде. Оқушыларды мектепішілік, аудандық, облыс көлемінде олимпиадаларға дайындау, қатыстыру ұстаз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.
Студенттік өмірден қандай ең жарқын сәттерді әлі күнге дейін есіңізге түсіресіз?
– Студенттік өмір – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, адамның есте қалар ерекше кезеңі ғой. Алғашқы кезде үлкен қалада ата-анаңсыз өзіңнің оқуың, жаңа ортаға үйренісуің, сабақтың қиындығы, кітапхана табалдырығың тоздырып, дипломдық жұмыс жазуымыз, осының бәрі ыстық естелікке толы.
Сізге ең үлкен әсер қалдырған оқытушылар кімдер?
– Хамзин Мауен Хамзиевич , Исмайлова Райхан Налжигитовна, Бабашов Азат Максутбекович, Райхан Галиевна, Баян Аманжоловна деп, мақтанышпен айтар едім.
Студенттік жылдардан достарыңызға немесе әріптестеріңізге жиі айтып беретін оқиғаңыз бар ма?
– Студенттік өмірде қызықты оқиғалар өте көп болды. Соның бірі оқытушымыз Хамзин Мауен Хамзиевич тобымызға бір еңбектен оқуға берген еді. Топта түрлі шығармаларды оқып , ойымызды ортаға салып жинақтаған болатынбыз. Маған Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» туындысы түскен еді. Шығармаға үңілгенім сонша көп уақытқа дейін айналасынан шыға алмадым. Сонда сабақ уақытында баяндап жатқанда оқытушымыз кез- келген бетті ашып үзінді оқитын еді, біз болсақ соны жалғай кетіп айтатын едік… Қазіргі таңға дейін өзім ұстаз болып, оқушыларыма болған жайды айтып, студенттік кезімді ыстық естеліктермен есіме аламын.
Оқудан тыс немен айналыстыңыз – клубтарға, іс-шараларға, жобаларға қатысқан ба едіңіз?
– Оқудан тыс мәнерлеп оқу сайыстарына қатысатынбыз. Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Жас қаламгер» клубы болатын, сол клубқа қатысып, поэзия кештерін тамашалайтын едім.
Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, қазіргі студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Кітап оқу, оқудан тыс іс – шараларға жиі қатысу, ортада өзінді шыңайы ұстауға кеңес берер едім.
Алдағы 5 жылда кәсіби қызметіңіздің дамуын қалай елестетесіз?
– Ұстаз – оқушысымен сыйлы… Республика көлемінде олимпиада жүлдегерлеріне білім нәрін сусындатқан білікті маман ретінде елестетемін.
Академиямен байланыста болуды жоспарлап жүрсіз бе – мастер-класстар, дәрістер немесе қазіргі студенттермен кездесулер арқылы?
– Әрине, ұстаз әрдайым ізденісте жүру керек. Бұл тек білімді ғана емес біліктілікті де шыңдай түсері хақ.
Болашақ түлектер үшін қандай дағдылар мен білімдер маңызды болады деп ойлайсыз?
– ХХІ ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры деп жатамыз. Болашақ түлектер жан – жақты сауатты болса деймін.
Академияда қандай өзгерістерді байқадыңыз немесе көргіңіз келеді?
-Академия қабырғасында мектеп оқушыларына арнап түрлі олимпиадалар ұйымдастырса керемет болар еді. Себебі ол түлектерге оқуға түсуге үлкен мүмкіндік берер еді.
Бағдарлама немесе Академияның студенттік өмірінде қандай өзгерістер енгізер едіңіз?
– Маған барлығы ұнайды
Жұмыстан тыс қандай хобби немесе әуесқойлық сізге қуаныш сыйлайды?
– Жаныма жақын тақырыпта кітап оқу.
Топтастарыңыздан кім сізге шын дос немесе өмірдегі серіктес болды?
– Қазіргі таңда студенттік өмірді бірге өткерген топтастарыммен к-12 тобы болатын, өте жақсы қарым – қатынастамыз. Әлеуметтік желіде жазысып , тәжірибе алмасып тұрамыз. Бір – бірімізге ақыл –кеңес айтып, хабарда жүреміз.
Бүгін бізбен бөлісетін жетістіктеріңіз бар ма?
– Бүгінгі таңда оқушыларым облыс көлемінде түрлі мәнерлеп оқуларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. 2019 жылдан бастап жыл сайын мектебіміздің (М.Жұмабаев атындағы ЖББМГ) ұйымдастыруымен облыс көлемінде Нұралық ақын Бүркіт Ысқақұлының оқулары өтеді. Сол оқуларға белсене ат салысып, үлесімді қосудамын.
Кездесу бір сағаттан сәл асса да, қатысушылардың жүрегінде үлкен әсер қалдырды. Мұндай сәттер уақыт пен қашықтықтың, достық пен жастық шақтағы естеліктердің берік екенін дәлелдейді. Өйткені, жастық шақ – әр адамның өміріндегі ең жарқын және маңызды кезең.