Теміртау қаласының Ботаникалық бағына 1-курс студенттерімен бірге саяхат ұйымдастырылды. 2025 жылдың 17 сәуірінде Темиреева Назым Бағдаулетқызы мен Тутай Дарын Сұлтанғалиұлының жетекшілігімен ФМ-24-1,2 тобының студенттері табиғаттың әсемдігін тамашалап, өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлілігімен танысты.

Ботаникалық бақта студенттер тропикалық және субтропикалық өсімдіктердің кең коллекциясымен танысты. Олардың назарына Фикус Бенджамина (Ficus benjamina) ілікті, ол бақта 82 жас, 50 кг салмағымен ерекшеленеді және 2021-2022 жылдары сыйға тартылған. Бұл өсімдік Оңтүстік-Шығыс Азияда, Австралияда және Тынық мұхит аралдарында өседі. Сонымен қатар, пальмалар (Arecaceae) мен монстералар (Monstera deliciosa) кездесті, олар Оңтүстік Американың тропикалық ормандарында өседі. Араукария (Araucaria) – Оңтүстік жарты шардың қылқан жапырақты өсімдігі, Австралия мен Жаңа Зеландияда таралған. Бақта сондай-ақ хлорофитум (Chlorophytum comosum) кездеседі, ол Африкада өседі және ауаны тазарту қасиетімен танымал. Сонымен қатар, бақта Солтүстік және Орталық Американың құрғақ аймақтарында өсетін юкка (Yucca) және Африкадан шыққан драцена (Dracaena) – ұзын жапырақты декоративті өсімдіктері бар.

Саяхат кезінде студенттер бақтағы өсімдіктердің арасында орналасқан жануарларды да тамашалады. Мысалы, торда тауыс (Pavo cristatus) құстарын кездестірді. Олардың бірі – ақ тауыс, сирек кездесетін альбинос түрі, ал екіншісі – дәстүрлі көк-жасыл түсті тауыс, олар Үндістан мен Шри-Ланкадан шыққан. Тауыстардың әсем қауырсындары студенттердің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, торда кішкентай тауық та болды, ол тауыстармен бірге өмір сүреді.

Бақтағы серуен кезінде студенттер өсімдіктердің шығу тегін, олардың өсу ерекшеліктерін және экологиялық маңызын зерттеді, сонымен қатар жануарлардың тіршілік ортасымен танысты. Назым Бағдаулетқызы мен Дарын Сұлтанғалиұлы студенттердің қызығушылығын оятып, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндірді. Ботаникалық бақтың ішіндегі жолдар кірпішпен төселген, ал өсімдіктер арасында тасты декорациялар мен су элементтері орналасқан, бұл баққа ерекше сән береді. Бақтағы жабық павильондардың шыны төбесі арқылы табиғи жарық түсіп, өсімдіктердің өсуіне қолайлы орта қалыптастырады.

Бұл сапар студенттер үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Олар табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай, өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы білімдерін кеңейтті. Теміртау Ботаникалық бағы – білім мен шабыттың қайнар көзі екені сөзсіз!