ТҮРКИЯДА ТҮРКІ ФИЛОЛОГИЯСЫНЫҢ СИМПОЗИУМЫ ӨТТІ

Сәуір айының 6-7 күндері Түркия Республикасының Ерзурум қаласындағы Ататүрік университетінде «Тіл мен әдебиет зерттеулерінің халықаралық симпозиумы» («Uluslararasi dil ve edebiyat araştirmalari sempozyumu») өтті.

Төрткүл дүниедегі түркі халықтары тегіс қатысқан, әлемдегі түркілік филология мәселелері жан-жақты талқыланған симпозиумда Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Германия ғалымдары онлайн форматта арнайы баяндама жасады.

Қазақстан Республикасы тарапынан түскен 8 баяндаманың екеуі «Bolashaq» академиясы профессорлық-оқытушылық құрамына тиесілі болды. Атап айтқанда, 7 сәуір күні қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. М.Х.Хамзин «Қазақ және түрік романдары: типологиялық байланыс сипаттары» тақырыбында, 6 сәуір күні осы кафедраның доценті, ф.ғ.к. Ж.М.Баймұрынов «Қазақ тіліндегі тұрлаусыз мүшелер хақында» тақырыбында баяндама жасап, соңы сұрақ-жауап үлгісінде тағылымды талқыға ұласты.

Айта кетерлігі – «Bolashaq» академиясының профессоры, ф.ғ.д. М.Х.Хамзин және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ф.ғ.д. Ж.А.Жақыпов Орта Азиядағы түркі мемлекеттері ғалымдары арасынан Ататүрік университетіндегі аталмыш симпозиум ақылдастар кеңесінің мүшесі ретінде күнілгері тағайындалған-ды.

Бүгінде әлемнің төрт құбыласына түгел тараған түбі бір түркі жұртының ең басты ортақ құндылығының бірі – тіл мен әдебиет. Сондықтан екі күнге ұласқан симпозиумда тіл мен әдебиет жөнінде толғамды мәселелер қарастырылды, келелі түйін жасалды.

Ататүрік университетінің әкімшілігі мен профессорлық құрамы «Bolashaq» академиясы тарапынан жасалған ғылыми-тәжірибелік құндылығы жоғары баяндама авторларына арнайы алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.