«Bolashaq» Академиясы студенттеріне арналған құқықтық көмек және тіркеу қызметі бойынша таныстыру семинары

2024 жылғы 15 наурызда тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің ұйымдастыруымен таныстыру-оқыту семинары өтті. Іс-шараның мақсаты — әділет органдарының қызметін насихаттау және студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Семинар жұмысына келесі мамандар қатысты:

  • бөлім басшысы – Қосшығұлов Ж.;
  • АХАТ архивінің қызметкері – Матайс В.Ю.;
  • бөлім мамандары – Рахимова И. және Абдыкалыкова Л.

Семинар барысында әділет органдарының өкілдері тіркеу қызметінің бағыттары, азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі, құжаттарды ресімдеудің құқықтық аспектілері және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы толық ақпарат берді.

Сонымен қатар қатысушылар азаматтар жиі кездесетін практикалық жағдайларды талқылады: неке қию, баланың тууын тіркеу, қайтыс болу, есімін өзгерту және жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мәселелері қарастырылды.

Студенттер семинар тақырыптарына үлкен қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды. Барлық сұрақтарға сала мамандары толық әрі нақты жауаптар берді.

Аталған семинар мемлекеттік органдар мен «Bolashaq» Академиясы студенттері арасындағы өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды. Іс-шара студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, әділет органдарының қызметі туралы хабардарлығын кеңейтуге және Академия мен Қарағанды облысының Әділет департаменті арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.