Ақ сақалды қаттар бүгін ауылдың ғана емес, қаланың да сәніне айналды. Шал-шауқан емес, қарияларды айтып отырмыз.
Жалпы пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы Нәби аға Елікбаев солардың қатарында. Жетпістің алтысын жетегіне алып, сексенге қарай аяңдай басып келеді. Өзі аузымен құс ілетін ділмар шешен. Шежірелі оңтүстіктің топырағынан болған соң ба, ағамыздың кеудесі күбідейін күмпілдеп тұрғаны, нақ бір сөздің ұясы дерсіз.
Мінезінде тіліне бұлбұл қонған сөзуарлық болса, сол қасиетті туған жерден жұққан жұқана. Әйтпесе көзі бар көрері жоқ, аузы бар сөйлері жоқ адам қаншама. Құлдың да аузы бар, дуасы жоқ бірақ. Қай жерде қандай сөз айту керектігін, қай кезде ортаға тасталған ұранды пайдаланып, соған басқаларды табындыра білетін Нәби ағадан шешен, білімдарлар қатары сирек бүгін. Шешендік өнердің іліміне сайсақ, әр топтың алдында сөйлегенде, сол топқа лайық қолданар сөйлеу мәнерi, стилi, этикетi болады. Соны ағамыз жетік меңгерген. «Білесің, білгеннен соң айтасың» деп, академик Әлкей Марғұлан айтпақшы, әңгімесінде бір ойдың басын қайырып үлгермей жатып, алдын ала екінші ойдың желісін болжап тұруы өмірден де, білімнен де көп білуінен боса керек. Қырық құбыла қырқылжың тартпай, жетпісінің алтауында жетілген жарамды аттай болуы – затының асылдығынан. Кеше ағамыз кеудесіне төсбелгі тақты. Жай төсбелгі емес, «ІІМ құрметті ардагері».
Марапатыңыз құтты болсын, Нәби аға Елікбаев!