Кітап – рухани мұра: Қарағанды академиясында тағылымды челлендж өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ерекше рухани мәнге ие тағылымды шара ұйымдастырылды. Академияның тәлімгерлері мен ардагер қызметкерлері жас мамандарға арнап «Кітаптарды тарту ету» челленджін өткізді. Игі бастаманың басты мақсаты – болашақ тәртіп сақшыларының кәсіби әлеуетін арттыра отырып, олардың рухани әлемін байыту, адамгершілік пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу.

Челлендж аясында ішкі істер саласының ардагерлері өз өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға ұрпақтар сабақтастығы мен кәсіби адалдық жайлы терең ой қозғайтын, жігер мен рух беретін еңбектерді тарту етті. Олар жас мамандарға тек құқықтық білім мен кәсіби дағды ғана емес, рухани серпін беретін, өнегелі өмір жолына бағдар боларлық әдебиеттерді сыйлады.

– Біз жастарға тек бұйрық пен ережені ғана емес, адами құндылықтар мен рухани негізді де жеткізуіміз қажет. Бұл кітаптар – сол жолдағы шырақ, – дейді шараға қатысушы ардагер полицейлердің бірі.

Челленджге қатысқан жас қызметкерлер өздеріне табысталған кітаптарды алғыс білдіре қабылдап, бұл бастаманың олардың рухани дамуына, кәсіби қалыптасуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Олар бұл игі шараны жауапкершілікпен қабылдап, болашақ қызметтерінде алған кітаптардан түйген өнегені іс жүзінде қолдануға ниетті екендерін жеткізді.

Шара соңында қатысушылар бұл челленджді келесі өңірлік бөлімшелерге жолдап, эстафеталық сипатта жалғастыруға уағдаласты.

Академия қабырғасында өткен бұл тағылымды бастама – рухани сабақтастықтың, ұрпақтар үндестігінің, ішкі істер саласындағы ізгі дәстүрлердің өміршең үлгісі болды.

Аталған шараға «Bolashaq» Академиясының профессоры, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Нәби Елікбаев арнайы қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Ол жастарды кітап арқылы дамуға, кәсіби және адами тұрғыдан жетілуге шақырып, әрбір оқылған кітап – адамның ішкі әлеміне ашылған терезе екенін атап өтті.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.