«Bolashaq» Академиясы ректорының сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушы студенттермен қорытынды кездесуі

«Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университеті» ЖБ ФМББМ студенттері сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Bolashaq» Академиясындағы оқуын аяқтады.

2026 жылғы 9–30 қазан аралығында студенттер «Bolashaq» академиясының білім беру үдерісімен танысып, Қарағанды қаласы әкімдігінің «Қарағанды қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «№1 гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өндірістік практикадан өтті. Сонымен қатар оқу және мәдени-танымдық іс-шараларға қатысты.

Оқу аяқталғаннан кейін студенттердің «Bolashaq» академиясының ректорымен қорытынды кездесуі өтті. Кездесу барысында қатысушылар Қарағанды қаласында болған кезеңнен алған әсерлерімен бөлісіп, жинақтаған тәжірибелері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасын ұйымдастырып, жылы қабылдағаны үшін Академия басшылығы мен ұжымына алғыстарын білдірді.

Академия ректоры студенттерге алдағы оқуында жетістіктерге жетіп, кәсіби біліктіліктерін арттыру жолында табысқа кенелулеріне тілектестік білдірді. Кездесу соңында қатысушыларға сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасынан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.

«Bolashaq» Академиясы академиялық ұтқырлықты дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін нәтижелі ынтымақтастық үшін «Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университеті» ЖБ ФМББМ-ге алғыс білдіреді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.