Қазақстанда студенттердің құқықтары жөніндегі уәкілдік пайда болды

Бұл жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының бірі.

ҚазАқпарат Kazakh24.info “ҚазАқпарат” ХАА-ға сілтеме жасай отырып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осындай шараларды атады деп хабарлайды.

“Біз қазір жоғары білім беру саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатты алаңдаймыз. Әр университетте қоғамдық қабылдау институты жандандырылып, әр студент, әр оқытушы жүгіне алатын қоғамдық қабылдау бөлмесі құрылды. Егер студент немесе профессор жариялылықтан қорқатын болса, ол QR-код арқылы министрлік жанынан арнайы құрылған орталыққа тікелей ақпарат жібере алады”, – деді Саясат Нұрбек.

Ол сондай – ақ ғылым және жоғары білім министрі деңгейінде алғаш рет омбудсмен – Студенттердің құқықтары жөніндегі уәкілдік институты құрылғанын хабарлады.

“Студенттердің құқықтары жөніндегі уәкіл болып өте танымал қоғам қайраткері, ұзақ уақыт жастар саясаты саласында жұмыс істеген – Айсұлу Ерниязова тағайындалды.
Ол омбудсмен мәртебесінде менің кеңесшім болып тағайындалды. Біз студенттерге олардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті министрлікте арнайы бөлінген адам туралы хабарлау үшін үлкен науқан жүргізіп жатырмыз. Кез келген тәртіп бұзушылық жеке-жеке тіркеліп, бақылауға алынады”, – деді Саясат Нұрбек.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.