Бүгінгі емтихан — білім мен жауапкершіліктің сәті!

«Bolashaq» академиясында емтихан апталығы басталды. Бұл — тек білімді сынайтын кезең ғана емес, сонымен қатар әр студенттің академиялық адалдығы мен жеке жауапкершілігін көрсететін маңызды уақыт.

Осыған орай, академия бойынша Студенттік омбудсмен — Құқықтану білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Тілеген Берекеұлы студенттерге емтиханға кіру тәртібі, академиялық адалдық принциптері туралы ақпарат беріп, маңызды ережелерді еске салды.

Естеріңізге саламыз, Студенттік омбудсмен институты — оқу процесінде студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бұл институт 2022 жылы құрылған, ал 2023 жылдың тамызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі әрі белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Омбудсменнің негізгі міндеттері:
– Студенттердің құқықтары мен академиялық еркіндігінің сақталуын қадағалау;
– Емтихан, бағалау, жатақхана сияқты даулы жағдайларда көмек көрсету;
– Білім алуға қолайлы, қауіпсіз және әділ орта қалыптастыруға ықпал ету;
– Жатақхана жағдайын, оқу процесін бақылау мақсатында мониторинг жүргізу.

Омбудсмендер қызметі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚРЕЖБМ жанындағы Студенттер кеңесі және «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық қозғалысымен бірлесе отырып жүзеге асырылады.

Құрметті студенттер! Егер сізде оқу, құқықтық мәселелер немесе студенттік өмірге байланысты сұрақтар мен келеңсіз жағдайлар туындаса, өз өңіріңіздегі студенттік омбудсменге жүгінуге толық құқығыңыз бар.

Студенттік омбудсмен — сіздің сенімді тірегіңіз және құқығыңызды қорғайтын өкіліңіз!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.