Ректор кубогы – 2023

Бүгін «Bolashaq» академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері арасында ректор кубогы сарапқа салынған дәстүрлі спартакиада өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын спартакиадада спорттың 4 түрінен өзара сынға түскен 5 команда шын мықты анықталатын сайыста барын салды.

Бұл спартакиаданың басты ерекшелігі – құрама командалар жасақталды, яғни әр командаға бірнеше кафедра мен бөлім қызметкері топтастырылды; екіншіден, ойыншылар жұдырықтай жұмыла қатысатын ойын түрлері арнайы іріктеліп алынған. Атап айтқанда: дойбы, үстел теннисі, дартс (нысанаға сүңгі қадау) және эстафета.

«Қайсар», «Достық», «Жеңіс», «Әлібексіз» және «Победа» командалары арасында «Қайсар» командасының құрамы, негізінен, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушыларынан құралғанын атап өту қажет.

Сайыс барысында академия оқытушылары мен қызметкерлерінің күнделікті қызметте ғана емес, спорт ойындарында да барынша белсенді екені аңғарылып-ақ тұрды.

Спартакиада қорытындысында «Қайсар» командасы дойбы және дартс ойынынан 1-орын, эстафетадан 3-орын алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды.

Академия басшылығы тарапынан барлық командаға грамота және қаржылай сыйлық берілді. Ешкім ескерусіз қалған жоқ.

Оқу жылы бойы үзіліссіз жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысынан бір ауық сергу, сондай-ақ әріптестер ұйымшылдығын нығайтуда аса маңызды саналатын академияішілік спартакиаданың салауатты өмір салтын насихаттайтын сипаты және бар. Осындай игі шараның келісті өтуіне мұрындық болған һәм жоғары деңгейде ұйымдастырған академия басшылығына «Дені саудың жаны сау» деген қағиданы ұран еткен дана халықтың салауатты азаматтары ретінде алғыс айтамыз.

Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының

профессорлық-оқытушылық құрамы

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.