Пікір

Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Осы мақсатта Қарағанды медициналық университетке оқуға тапсырдым. Мемлекеттік тапсырысқа бір балл жетпей қалған соң, арманымның күл-талқаны шығып, «енді оқымаймын» деп, аудан орталығына «сатушы» болып қызмет атқардым. Сөйтсем, ағам құжатты маған ескертпей, ол кезде Қарағанды «Болашақ» университетіне «Педагогика және психология» мамандығына тапсырып қойыпты. Қыркүйек айының ортасында студент болып оқуға келдім. Бұл, 2007 жылы орын алған оқиға еді… Көзіме елестете алмаған мамандық болған соң ба, әлде ниетімнің болмағаны шығар, қайда, не үшін оқып жүргенімді түсінбедім басында. Кейін, оқытушылардың, тобымның көмегімен жайлап оқу процесіне еніп, мамандықтың ерекшеліктерін, қыр-сырын меңгере бастадым. Өмірімде педагог боламын деген ой түсіме де кірмесе керек, уақыт өте келе осы мамандықты қалай ұнатып қалғанымды түсінбей де қалдым. Бұның бәрі, сол кездегі кәсіби құзыретті оқытушылардың, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары университеттің арқасы деп ойлаймын. Екінші курста қоғамдық жұмыстарға белсене қатыса бастап, қызығушылығым одан бетер арта бастады.

Сөйтіп, «Болашақ» университетіндегі қызықты, танымды студенттік өмірім жалғаса берді. Студенттердің шығармашылық тұрғыда жан-жақты дамуына барлық жол ашық болатын. Түрлі мәдени шаралар, танымдық конкурстар, осының бәрі мені дәрігерлік саланы ұмыттырып, жаңа, бейтаныс мамандықты әрі қарай алып жүруіме септігін тигізді. Осы орайда, ғылыми бағытқа қызықтырып, ғылымға жол ашып берген Акпарова Жанна Муслимовнаға үлкен алғыс білдіргім келеді. Мақала, ғылыми жоба деген түсініктерді сол кезде ғана түсіне бастап, зерттеушілік жұмысқа бет бұра бастадым. Осылайша, «Болашақ» университеті, менің кәсіби маман, жан-жақты тұлға болып қалыптасуыма зор ықпал етті деп айтуға болады.

Араға он жыл салып, атауы өзгерген «Bolashaq» академиясына «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасына магистратураға түстім. Қаншама уақыт өтсе де, сол баяғы мықты оқытушылық құрам сақталғанын байқадым. Бірақ, материалдық-техникалық базаның қаншалықты жақсы алға қарай дамығандығын көрдім. «Педагогика және психология» кафедрасының, магистратура бөлімінің ғылым жолына жетелеп, өмірдің тағы бір сатысын еңсеруге көп үлесін қосқанын айтпай кету мүмкін емес. Эдвайзер қызметін атқарған Шутенова Сабира Сартаевнаның екі жыл бойы үнемі байланыста болып, кез-келген сұрақтарды, мәселелерді шешуге белсене ат салысқаны да ерекше сый-құрметке лайық. Диссертациялық жұмысқа жетекшілік етіп, ғылымға, зерттеуге басқаша, жаңа тұрғыда қарауға үйретіп, мүмкіндік берген Абилкасимова Гульзам Кайруллаевнаның еңбегі өлшеусіз. Зерттеу жұмысына жетекшілік ететін әрбір оқытушы осындай болса, бізде жас ғалымдар саны одан бетер артар еді деген ұйғарымға келдім. Расымен де, әрбір оқытушының, әрбір қызметкердің академияның гүлденуіне, дамуына қаншалықты еңбек етіп жатқанын байқамау мүмкін емес. Әрқайсысы өз алдына патриот. Мен, осындай киелі ордада білім алғаныма өте қуаныштымын!  «Bolashaq» академиясына толағай табыстар тілеймін! Шәкірттеріңіз бәсекеге қабілетті маманға айналып, еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қоса берсін деген тілек айтқым келеді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.