Студенттердің халықаралық деңгейдегі ғылыми жетістігі

«Шет тілдер және мәдениаралық коммуникация» кафедрасының студенттері «Глобальная научная инициатива» ғылыми порталы ұйымдастырған Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Конференция гуманитарлық және әлеуметтік-педагогикалық ғылымдар саласында ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ұсынған әртүрлі елдердің жас зерттеушілерін, оқытушылар мен ғалымдарды біріктірді.

Ғылыми жұмыстарды конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша I дәрежелі дипломмен Ин-23-1 тобының студенті Науменко Полина (ғылыми жетекшісі  – аға оқытушы Альжанова А.Ы.) «Ағылшын тілін оқытуда интерактивті құзыреттілікті дамыту құралдары ретіндегі диалогтік тәсіл және Soft Immersion» тақырыбындағы баяндамасы үшін, сондай-ақ Ин-22-1 тобының студенті Сорокин Данил «Орта мектепте ағылшын тілі грамматикасын оқытуда ChatGPT қолданудың әдістемелік мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасы үшін марапатталды. Олардың зерттеу жұмыстары ғылыми жаңашылдығы, таңдалған тақырыптың өзектілігі, баяндаудың логикалылығы және алынған нәтижелердің практикалық маңыздылығы үшін сараптамалық қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.

Студенттердің халықаралық конференцияға қатысуы кафедраның білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға бағытталған жүйелі әрі мақсатты жұмысының нәтижесін, сондай-ақ студенттерде ғылыми ойлау, академиялық жазу және зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында ұсыну дағдыларының қалыптасқанын айғақтайды.

 Шет тілдер және мәдениаралық коммуникация кафедрасының ұжымы жеңімпаздарды лайықты марапатымен құттықтап, ғылыми және кәсіби қызметінде одан әрі табыстар тілейді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.