Президент Жолдауының негізгі басымдықтары талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы Жолдауы аясында “Bolashaq” Академиясының профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен өткен кездесуде Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Жұмағұлов Айтбай Ботпайұлы Президент белгілеген басым бағыттарды жан-жақты талқылап, оның қоғам мен мемлекет үшін стратегиялық маңызын ашып көрсетті.

Кездесу барысында ол Мемлекет басшысының Жолдауында айрықша мән берілген жасанды интеллектті дамытудың ұзақ мерзімді басымдық екенін атап өтті. Ол осы технологияны сауатты енгізу Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің басты кепілі екенін ерекше атап көрсетті. Айтбай Жұмағұловтың айтуынша, цифрлық экономика мен жаңа технологияларды жүйелі түрде іске асыру – еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың, өндіріс пен қызмет көрсету салаларының тиімділігін күшейтудің сенімді тетігі.

Сонымен қатар, депутат Жолдауда көтерілген ойларға сүйене отырып, жасанды интеллектті дұрыс басқармау жұмыс күшінің еңбек нарығынан шеттетілуіне, кәсіби дағдылардың тез ескіруіне әкелетінін ескертті. Ол цифрлық сауаттылықты арттыру, заманауи технологияларды меңгеру және білім беру жүйесін осы бағытқа бейімдеу – уақыт талабы екенін, мұның елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға да үлес қосатынын баса айтты.

Айтбай Жұмағұлов еліміздің табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану, экономика саласын әртараптандыру және тұрақты даму қағидаттарын ұстану қажеттігін де тілге тиек етті. Оның пікірінше, жер қойнауы байлықтарының сарқылуының алдын алу, жаңа өндіріс ошақтарын ашу және баламалы энергия көздерін дамыту цифрлық трансформациямен тығыз байланысты.

Сонымен бірге, депутат бұл үдерісті «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ұстанымға сәйкес, яғни ғылыми негізделген, жан-жақты талданған және жоспарланған түрде жүзеге асырудың маңызын ерекше атап өтті. Бұл тәсіл Қазақстанның цифрлық болашағын сенімді әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.