Наурыз мейрамы – ұлттың мәдениеті мен дәстүрінің айқын көрінісі, табиғаттың жаңаруы мен жаңа үміттің символы. Бұл жыл сайынғы мереке биыл «Bolashaq» Академиясында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Академия ұжымы мен студенттері мейрамды жоғары деңгейде атап өтіп, түрлі қызықты шаралар мен ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртты.
Бұл ерекше шарада ақсақалдар мен ардагерлер бата беріп, Наурыз мейрамының берекесін тілеп, елге амандық, бақ-береке тіледі. Бата – осы мерекенің рухани өзегі ретінде, барлық қатысушыларға ерекше қуат пен ізгілік сыйлады.
Мереке салтанатын Академияның ректоры Қуанышбек Бұланұлы ашып, Наурыздың мән-маңызын атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, қоғамды біріктірудің және жастарға ұлттық тәрбие беру жолындағы Академияның рөлін ерекше атап өтті.

Мереке аясында Академия студенттері мен ұстаздары ауылдарға бөлініп, ( «Береке», «Қазыбек би», «Абай», «Үркер») әр ауыл өздерінің өнерін көрсетті. Ән мен биден бастап, түрлі өнер түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Әр ауылдың өзінің ерекшелігі мен ұлттық колоритін көрсеткен өнерпаздар сахнада қазақ халқының мәдениетін танытып, көрермендерді таңдай қақтырды.




Ұлттық спорттық ойындар да Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне айналды. Асық ату, қол күрес, ләңгі тебу секілді қызықты спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Жарысқа қатысушылар өздерінің күш-жігерін, төзімділігін көрсетіп, барынша белсенділік танытты.
Ең бастысы, қазақтың ұлттық дастарханы жайылып, Наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Дастархандағы әрбір тағам өзінің тарихымен, мән-маңызымен таныстырылды.





Одан бөлек, мереке барысында тікелей эфир ұйымдастырылып, көрермендер даладағы ас пісірушілердің еңбек процесін тамашалап, ұлттық тағамдарды дайындаудың дәстүрлі әдістерімен танысты.
“Bolashaq” Академиясында өткен Наурыз мейрамы – тек мерекелік шара ғана емес, ұлттың мәдени мұраларын қайта жаңғыртып, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеудің көрнекі үлгісі болды. Мерекенің мәні терең, өйткені ол халықты бір-біріне жақындастырып, ынтымақ пен достықтың, мәдениет пен өнердің орынын арттыра түседі.





Наурыз мейрамын осындай жоғары деңгейде атап өту – болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруға, мәдениетімізді сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам.
Мереке соңында жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталып, жарысқа қатысушылардың еңбегі мен талпынысы лайықты бағаланып, мейрамның мағынасы одан әрі арта түсті.





Құрметті достар, бауырлар, қадірменді әріптестер!
Көктемнің шуақты мерекесі жақсылық, молшылық пен бақыт әкелсін!