«Мейірім» волонтерлік ұйымының кезекті отырысы өтті

18 Ақпан күні «Bolashaq» Академиясында «Мейірім» волонтерлік ұйымының кезекті отырысы өтті. Бұл шараға Академия студенттерінің өзін-өзі басқару ұйымы «Болашақ» Республикасының президенті Кадрин Тілеген қатысты. Отырыс барысында ол волонтерлік ұйымның жаңа координаторы Жаксылыкова Дананы таныстырып, ұйымның алдағы жоспарлары мен мақсаттарына тоқталды.

Бас қосудың басты мақсаты – Академияның волонтерлері арасында алдағы жоспарларды таныстыру, сондай-ақ жастарды әлеуметтік жобаларға тарту болды. Ұйымның жаңа жетекшісі Жаксылыкова Дана өз сөзінде әлеуметтік жұмысқа әрбір адамның өз үлесін қоса алатынын атап өтті. Ол болашақта жоспарланып отырған шаралар туралы айтып, студенттерді белсенді қатысуға шақырды.

Жиналыс барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, алдағы жобаларға қатысу үшін түрлі идеялар ұсынды. Волонтерлік жобаларға қосылу арқылы жастар өз дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қоғамға да нақты пайда әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыстардың жастардың жеке өсуіне, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, ұйымшылдыққа баулуға септігін тигізетіні жөнінде айтылды.

Қатысушылар болашақта әлеуметтік жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа бастамалар мен идеяларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Жастардың қоғамға қосатын үлесі мен еріктілік қызметінің маңызы туралы ерекше сөз қозғалды. Бұл отырыс «Мейірім» волонтерлік ұйымының одан әрі дамуына және жаңа бастамалардың іске асырылуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.