2025 жылдың 29 қыркүйегінде Академиямызға Чех Республикасынан қонақтар келді. Құрамында Батыс Чех университетінің (Пльзень қ.) археология кафедрасының меңгерушісі, Ph.D докторы Павел Варжека және GULAG.CZ ұйымының төрағасы Штепан Черноушек болды.



2009 жылы құрылған GULAG.CZ қоғамдық ұйымы ГУЛАГ жүйесінің феноменін және кеңестік тоталитарлық режимді зерттеумен айналысады. Ұйымның басты миссиясы – ГУЛАГ пен оның тарихи мұрасы туралы, оның ішінде Чехословакиямен және басқа елдермен байланысы жайлы мәліметтерді тарату. Зерттеушілер өз жұмысында далалық, археологиялық және мұрағаттық ізденістерді, заманауи технологияларды және білім беру бағдарламаларын үйлестіріп, халықаралық әріптестермен белсенді түрде ынтымақтасады.

Доктор Павел Варжека бұрынғы лагерьлердің орындарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол кезеңге тиесілі артефактілерді анықтау ісімен айналысады. Қонақтар Қазақстанда, Қырғызстанда және Ресейде жүргізілген экспедициялар мен зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Әсіресе, Чехословакия азаматтарына қатысты материалдарды іздеу және жүйелеу мәселесіне баса назар аударылды.

Кездесу барысында ғылыми ізденістердің нәтижелері ұсынылып, алдағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Чех әріптестерінің сапары айрықша мәнге ие, себебі Академия тарихи жадыны сақтау мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Болашақ үшін жады» жобасына белсенді қатысып келеді.

Тараптар тарихи мұраны сақтау саласында өзара іс-қимыл жасауға және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.