Наурыз – жаңарудың, жаңа бастамалардың және бірліктің мерекесі! Биыл «Bolashaq» Академиясында Ұлыстың ұлы күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтіп, студенттер мен оқытушылар қауымы мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Мерекелік іс-шара барысында ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптеліп, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Бұл күн әр қатысушыға бірлік пен татулықтың маңызын терең сезінуге мүмкіндік берді.


Академия ұжымы мен студенттері «Bolashaq» ауылы, Әлихан Бөкейхан ауылы, Ыбырай Алтынсарин ауылы, Қасым Аманжолов ауылы, Жамбыл Жабаев ауылы, Мұқағали Мақатаев ауылы және Жақып Ақбаев ауылдарына бөлініп, өзара бақ сынасты. Әр ауыл ұлттық нақыштағы өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.



Ұлттық ойындар – мерекенің ажырамас бөлігі!
Шара аясында бес асық, таяқ тарту, кір көтеру және арқан тартыс сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өз күштері мен ептіліктерін сынады. Бұл сайыстар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті.



Дәстүр мен дәм – Наурыз көркі!
Мерекеде ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар наурыз көжеден дәм татты. Қазақы дастарханның молдығы мен қонақжайлығы шараның ажарын аша түсті.


Мереке – бірлік пен қуаныштың көрінісі!
Іс-шара соңында қатысушылар мерекелік көңіл-күймен тарқап, Наурыздың шынайы рухын жүректеріне түйді. Бұл күн достықты нығайтып, баршаға жақсы әсер қалдырды.

Құрметті әріптестер мен студенттер!
Ұлыстың ұлы күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, молшылық пен шаттық әкелсін! Әр шаңыраққа құт-береке дарып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!