«Bolashaq» Aкадемиясында конституциялық реформа мәселелері талқыланды

2025 жылғы 05 қазан күні «Bolashaq» академиясында Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы конституциялық реформа: мәселелер, өзгерістер және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерді Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасымен таныстыру, конституциялық реформаның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу, сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беру болды.

Дөңгелек үстелге академияның әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан студенттер белсенді қатысып, конституциялық өзгерістерге қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Іс-шара барысында заң ғылымдарының кандидаты, доцент Малдыбаев Асхат Маратович сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Ата заңының жобасында көзделген негізгі өзгерістерге жан-жақты тоқталды. Ол конституциялық реформаның мәні мен оның елдің саяси-құқықтық дамуына ықпалы туралы баяндады.

СПД-24 тобының студенті Ибрагимова Асыл «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасындағы қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту» тақырыбында баяндама жасап, азаматтық қоғам институттарының рөлінің артуына назар аударды.

Сонымен қатар, «Құқықтану» білім беру бағдарламасының Ю-23-2 тобының студенті Қалабаева Мерей ҚР Конституциясы жобасындағы «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөліміне енгізілген өзгерістерге тоқталып, олардың әлеуметтік маңызын атап өтті.

Ал Ю-23-2 тобының студенті Кадрин Тілеген Конституция жобасындағы «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөліміне енгізілген жаңашылдықтарды таныстырып, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған нормаларға талдау жасады.

Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Қабжанов Ақылбек Тайбулатұлы «Конституциялық реформа: халық үміті мен саяси шындық» тақырыбында қорытынды сөз сөйлеп, реформаның қоғам үшін маңызын, оның болашақтағы ықпалын атап өтті.

Дөңгелек үстел соңында студенттер Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойды. Іс-шара студенттердің құқықтық санасын арттырып, азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына оң ықпал етті.

Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірледі, сондай-ақ «Қазақстандағы конституциялық реформа: проблемалар, өзгерістер және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстелдің қарарын бекітті (қоса беріліп отыр).

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.