
2026 жылдың 11–26 ақпан аралығында «Bolashaq» Академиясының 22 оқытушысы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде білім беру мен ғылымда жасанды интеллектіні пайдалану тақырыбы бойынша біліктілігін арттыруда. Қазақстандағы білім беру жүйесіне ЖИ енгізу – бұл білім жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бастама. ЖИ енгізудің өзектілігі Қазақстан Республикасының Президентінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан:цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты халыққа Жолдауында да атап өтілді. Сонымен қатар, 2026 жыл – Қазақстанда цифрландыру және ЖИ жылы болып белгіленген, бұл барлық салада технологияларды енгізу жұмыстары басым болатынын білдіреді.

«Bolashaq» Академиясы мемлекеттік бастамаларды қолдай отырып, осы үрдістің белсенді қатысушысы болып табылады және ЖИ өнімдері мен шешімдерін Академияның білім беру экожүйесіне кезең-кезеңімен енгізіп келеді: білім беру бағдарламалары ЖИ технологияларын ескере отырып жаңартылды; «Bolashaq» ЖММ Академиясында жасанды интеллектті қолдану жөніндегі Ереже әзірленді; дипломдық және магистрлік жұмыстар аясында ЖИ саласында зерттеулер жүргізілуде; оқытушылар ЖИ-ді ағымдағы тапсырмаларды автоматтандыруда белсенді қолдануда: тапсырмаларды тексеру, тесттер мен жазбаша жұмыстарды бағалау; білім беру чат-боттарын пайдалану; студенттердің үлгерімі мен белсенділігін талдау және прогресті қадағалау және т.б.

AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқытушылар халықаралық Coursera платформасында ЖИ бойынша оқудан өтті – 2025 жылы 80 оқытушы, ал 2026 жылы 80 оқытушыны оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, цифрлық платформаларды дамыту және ЖИ-ді білім беру жүйесіне интеграциялау аясында 2025 жылғы қабылдау науқаны кезінде Академияда виртуалды қабылдау кеңсесінің ЖИ-агенті іске қосылды.
Жалпы, 2026 жылы білім беру және ғылым саласында ЖИ қолдану бойынша біліктілікті арттыруға оқытушылар мен қызметкерлердің 100% қамтылуы жоспарлануда. Курс қатысушыларға жемісті жұмыстар тілейміз!