Қарқаралы-Алаштың алтын бесігі!

2025 жылдың 28 ақпанында «Bolashaq» Академиясының студенттері мен «Педагогика» кафедрасының аға оқытушылары Шутенова Сабира Сартаевна, Қосманова Арай Бейсенғазықызы Қарқаралы ауданына экскурсияға барып қайтты.

Сапардың мақсаты – студенттерді аймақтың мәдениетімен таныстыру.

Сапар барысында Академияның белсенді студенттері мен оқытушылары Қарқаралы ауданының жергілікті білім беру мекемелерімен танысты. Атап айтқанда, олар «О.А.Жәутіков атындағы №1 ЖББ мектебі» және «Мәди Бәпиұлы атындағы №44 ЖББ (РО) тірек мектебінде» болды. Бұл кездесулер барысында оқытушылар 11-сынып оқушыларына «Bolashaq» Академиясы: «Біздің мүмкіндіктер – сіздің келешегіңіз» атты кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар, «Bolashaq» Академиясы аталған мектептермен  меморандумға қол қойды.

Осы сапар барысында қатысушылар тарихи-мәдениет орталықтарына, атап айтқанда, «Қарқабат ана» ескерткішінде және «Алаш арыстары» алаңында болды. «Қарқабат ана» ескерткіші – еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттың бірлігін сақтау жолында ерен еңбегімен ерекшеленген қазақ анасының бейнесін дәріптейтін маңызды ескерткіш. Бұл ескерткіш ұлттың тарихы мен мәдениетіне тағзым етудің, өткенге құрметпен қараудың белгісі болып табылады.

«Алаш арыстары» алаңы да ерекше маңызға ие. Бұл алаң Қазақстанның тәуелсіздігі жолында күрескен Алаш зиялыларының есімдерін ұлықтайтын орын. Студенттер осы алаңда тарихқа терең үңіліп, Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы естеліктер мен олардың еліміз үшін атқарған маңызды істері туралы ой өрбітті. Бұл жер – ұлт еркіндігі мен бостандығы үшін күрескен азаматтардың рухына тағзым ету алаңы. Оқытушылар мен студенттер осы ескерткіштердің алдында бір минуттық үнсіздікпен, өткеннің қасиетті рухына құрмет көрсетті.

Академияның белсенді студенттері мен оқытушылары Алаш қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы (1904-1909 ж.ж.) ұстаздық еткен тарихи мектеп-мұражайда болып қайтты. Қазіргі таңда мектеп-мұражай Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым ететін қасиетті орынға айналған. Мұражайда ұстаздың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген деректер, жеке заттары мен қолжазбалары, сондай-ақ сол кезеңнің тарихи құжаттары мен фотосуреттері сақталған. Бұл жерге келген әрбір адам Ахмет Байтұрсынұлының қазақ білімінің, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан баға жетпес үлесін терең түйсініп, санасына түйеді.

Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар осы сапар аясында Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайында болып қайтты. Бұл мұражай Қарқаралы өңірінің бай тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында қызмет атқарады. Мұнда тарихи жәдігерлер, археологиялық қазбалар, халықтық қолөнер бұйымдары мен құжаттар жинақталған. Мұражайға экскурсия жасау барысында студенттер тарихи мұраны сақтаудың маңыздылығын түсініп, өткен ұрпақтың білім, еңбек және күрес жолдарын құрметтеудің қажеттілігін сезінді. Бұл сапар Қарқаралының рухани байлығы мен мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын тағы да бір еске салды.

Экскурсия болашақ мамандарға тәжірибе жинақтап, кәсіби жолдарын бастауда маңызды қадам болатыны сөзсіз. Белсенді студенттер Академия әкімшілігіне алғыстарын білдіреді!

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.