Қазіргі таңда академиялық ұтқырлық жоғары оқу орындарын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады және заманауи білім беру кеңістігіне кірігу, тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайту мақсатында жүзеге асырылуда.

Бағдарлама білім алушыларға уақытша басқа жоғары оқу орнында білім алуға, жаңа пәндерді меңгеруге, оқытудың өзге әдістемелерімен танысуға, кәсіби және коммуникативтік құзыреттерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта «Bolashaq» Академиясына Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті 6В01702 – «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері келді.

Академиялық ұтқырлық аясында студенттер «Кәсіби-бағдарланған екінші шетел тілі (В1+ деңгейі)» пәні бойынша білім алуда. Аталған курс неміс тілін кәсіби деңгейде меңгеру дағдыларын одан әрі дамытуға, сөздік қорды кеңейтуге және кәсіби ортадағы мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Бұл пән бойынша сабақтарды кафедра доценті Бегахметова Б.К. жүргізеді. Студенттердің пікірінше, аталған бағдарламаға қатысу олар үшін құнды тәжірибе болып табылады. Бұл тәжірибе оқып жатқан екінші шетел тілі бойынша білімдерін тереңдетуге, сол тілде мәдениетаралық және кәсіби қарым-қатынас дағдыларын әрі қарай дамытуға, жаңа білім беру ортасына бейімделуге және жаңа достар табуға мүмкіндік береді.

«Bolashaq» Академиясы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық бағыттарын жүйелі түрде дамытып, сапалы білім алуға, академиялық алмасуға және білім алушылардың тұлғалық өсуіне жағдай жасап келеді.
Академия студенттерді қуана қарсы алып, оларға табысты оқу, нәтижелі жұмыс және жаңа жетістіктер тілейді.