2025 жылғы 3 қазанда «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы А. Б. Косманова Қарағанды қаласының КММ «№86 ЖББМ» 11-сынып бітіруші түлектерінің ата-аналарымен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
Іс-шара барысында ата-аналарға «Bolashaq» академиясы туралы толық ақпарат ұсынылды: оның миссиясы мен мақсаттары, өзекті жаңалықтары, сондай-ақ ағымдағы оқу жылындағы педагогика білім беру бағдарламасындағы өзгерістер таныстырылды.
Кездесу барысында академияның Қазақстан ЖОО-ларының республикалық рейтингтеріндегі орнына, беделді халықаралық аккредитациясының болуына, оқу формалары мен білім беру сапасына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға студенттер мен оқытушыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, оқу-тәрбие үдерісі мен академия жетістіктері туралы айтылды. Сонымен қатар күндізгі бөлімде «өте жақсы» оқитын студенттерге берілетін ректорлық шәкіртақылар, мемлекеттік білім беру гранттары негізінде оқуға түсу мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметі және жыл сайын өткізілетін «Болашақ педагог» олимпиадасына қатысу арқылы оқу ақысына жылына 100%-ға дейін жеңілдік алу мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ «Педагогика» кафедрасындағы барлық педагогикалық мамандықтарға шолу жасалды: «Педагогикалық коучинг және психология», «Шетел тілін меңгерген бастауыш сынып мұғалімі», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Педагогика және психология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу».
Ата-аналарға кафедра түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді: олар мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтарда, жалпы білім беретін мектептерде, педагогикалық колледждерде, білім беру басқармаларында, біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институттарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істей алады.
Кездесу соңында ата-аналар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Барлық қатысушыларға академия туралы ақпараттық буклеттер таратылды.