2026 жылғы 27 ақпанда Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының оқытушылары С.И. Көпжасарова мен А.Т. Жақып-Жанның жетекшілігімен азаматтық іс бойынша көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылып өткізілді. Көрсетілімдік сот процесінің тақырыбы: «Ата-ана құқығынан айыру және алимент өндіру» болды.


Аталған сот процесінің басты мақсаты – студенттерге азаматтық сот ісін жүргізудің соңғы кезеңін тәжірибелік тұрғыда көрсету, отбасы құқығы саласындағы дауларды шешу кезінде заң нормаларының қолданылу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ баланың мүддесінің басымдығы қағидасының сот арқылы қалай қорғалатынын нақты мысал негізінде таныстыру болды.
Көрсетілімдік сот барысында азаматтық іс жүргізудің негізгі кезеңдері, атап айтқанда, сот отырысының ашылуы, тараптардың түсініктемелері, дәлелдемелерді зерттеу, жарыссөз кезеңі және сот шешімін шығару тәртібі толық көрсетілді. Бұл өз кезегінде студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, олардың кәсіби құқықтық ойлау қабілетін дамытуға және болашақ заңгер ретінде сот процесінің ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Іс-шара Құқықтану білім беру бағдарламасының студенттері үшін ғана емес, сонымен қатар басқа да білім беру бағдарламаларының студенттері үшін пайдалы болды. Қатысушылар соттың жұмыс тәртібімен, тараптардың құқықтары мен міндеттерімен, дәлелдемелерді бағалау ерекшеліктерімен және сот шешімін қабылдау тетіктерімен тәжірибе жүзінде танысты.
Көрсетілімдік сот процесі студенттердің кәсіби дайындығын арттыруға, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқық қолдану тәжірибесіне қызығушылығын нығайтуға зор үлес қосты.
Іс-шара соңында Әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор сөз сөйлеп, көрсетілімдік сот процесін ұйымдастырған оқытушыларға алғыс білдіріп, мұндай тәжірибелік іс-шаралардың студенттердің кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.