«Біздің жыл: кадр сыртындағы шындық»

2025 жылдың 22 мамыр күні «Педагогика» кафедрасының эдвайзерлері мен аға оқытушылары С.С. Шутенова және А.Б. Қосманованың ұйымдастыруымен «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», сондай-ақ «Педагогика және психология» білім беру бағдарламаларының студенттерімен бірге «Біздің жыл: кадр сыртындағы шындық» атты кураторлық сағат өткізілді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – бір жыл ішінде студенттердің бастан кешкен оқиғаларын, сезімдерін, жетістіктері мен қиындықтарымен бөлісу. Сонымен қатар, студенттердің экран сыртында, күнделікті өмірде орын алған маңызды сәттерді еске түсіріп, өткенге ой жүгіртіп, болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік беру.

Кездесу еркін форматта өтті және үш кезеңнен тұрды:

  1. «Саған айтарым бар…» – Бұл кезеңде студенттер бір-біріне, өз оқытушыларына жүректен шыққан тілектерін, алғыстарын және ойларын ортаға салды. Кейбір студенттер ішкі толғаныстарымен бөлісіп, жыл бойы қолдау көрсеткен адамдарға алғыстарын білдірді.
  2. «Бәрі артта қалды, ең кереметі – алда!» – Бұл бөлімде студенттер жыл ішінде өткен маңызды кезеңдер мен оқиғаларды еске алып, өздерінің жеке және өсу жолдарын талқылады. Қиындықтар мен кедергілердің өмірлік сабақ екенін түсініп, оларды еңсерудің өзіндік жолдарын айтып берді. Студенттер болашаққа қатысты жоспарларымен бөлісті.
  3. «Қоштаспайық – кездескенше!» –Бұнда студенттер бір-біріне және оқытушыларына жылы лебіздерін білдіріп, жаңа кездесулерге сенім білдірді. Осы сәтте эмоциялар ашық көрсетіліп, шынайы байланыс орнады. Бұл ортада ішкі сенімділік пен бірлік атмосферасы қалыптасты.

Шара студенттердің ішкі жан-дүниесін, эмоциялық әлемін ашуға мүмкіндік берді. Олар тек білім алушы ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамуы жүріп жатқан, арманы мен үміті бар жандар екенін көрсетті. Бұл кураторлық сағат студенттердің өзара түсіністігін арттырып, ортақ тәжірибе арқылы бір-біріне жақындай түсуіне ықпал етті.

 «Біздің жыл: кадр сыртындағы шындық» кураторлық сағаты – бұл жай ғана есеп беру немесе жылды қорытындылау емес, ол әр студенттің өміріндегі маңызды белес болды. Мұндай еркін форматтағы ашық кездесулер – білім беру үрдісінің маңызды құрамдас бөлігі, себебі ол студенттердің рухани өсуіне, эмоционалдық қолдауға және сезімінің қалыптасуына септігін тигізеді.

Ұйымдастырушылар студенттердің белсенділігі мен шынайылығына ерекше ризашылық білдіріп, болашақта да осындай рухани іс-шаралардың жалғасын табатынына сенім білдірді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.